
Салық есептілігі (СЕ) — салық төлеушінің салық салу объектілері, активтері мен міндеттемелері, есептелген салық міндеттемелері және әлеуметтік төлемдері туралы ресми құжаты.
Салық есептілігінің нысандары, оларды толтыру бойынша түсіндірмелер және ұсыну қағидалары Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы № 695 бұйрығымен бекітілген.
Салық есептілігі салық төлеушінің таңдауы бойынша мемлекеттік кірістер органдарына (МКҰ):
қағаз нысанда — МКҰ орталықтары/Мемлекеттік корпорация орталықтары арқылы жеке келу тәртібімен немесе пошта арқылы;
электрондық нысанда — Салық төлеушінің ИСНА кабинеті, eGov порталы, eGov mobile, e-Salyq Azamat, e-Salyq Business мобильді қосымшалары, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы ұсынылады.
Салық есептілігін ұсыну күні болып:
жеке келу тәртібімен ұсынған кезде — МКҰ немесе Мемлекеттік корпорация құжатты тіркеген күн;
пошта арқылы жіберген кезде — байланыс ұйымының тапсырысты хатты қабылдағаны туралы белгі қойған күні;
электрондық түрде ұсынған кезде — салық төлеушінің мекенжайына жіберілетін электрондық хабарламада көрсетілген, ақпараттық жүйенің орталық торабы СЕ-ні қабылдаған күн есептеледі.
Салық есептілігі (тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті қоспағанда) бастапқы, кезекті, қосымша, хабарлама бойынша және тарату болып бөлінеді.
Тарату салық есептілігі салық төлеушінің (салық агентінің) қызметін тоқтатқан, таратылған немесе қайта ұйымдастырылған кезде, сондай-ақ қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінен шығарылған кезде ұсынылады.
Салық есептілігін қабылдау кезінде мемлекеттік кірістер органдары форматтық-логикалық бақылау (ФЛБ) жүргізеді, яғни салық есептілігінің дұрыс және толық толтырылуын тексереді. Салық есептілігіне «Құжат қабылданды» мәртебесі берілгеннен кейін ғана ол қабылданды деп есептеледі.
Салық есептілігі мынадай жағдайларда қабылданбайды:
белгіленген нысанға сәйкес келмесе;
міндетті сәйкестендіру деректері көрсетілмесе немесе дұрыс көрсетілмесе;
қолы қойылмаса немесе заңнамада көзделген жағдайларда мөрмен расталмаса;
белгіленген жағдайларда ҚҚС бойынша есептілік қажетті шот-фактуралар тізілімдерінсіз ұсынылса;
жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша есептілікте әрбір жеке тұлға бойынша есептелген салықтар мен әлеуметтік төлемдердің сомалары көрсетілмесе.
Бастапқы немесе кезекті салық есептілігін ұсыну мерзімі өткеннен кейін, егер салық төлеушінің Жеке кабинетінде тиісті салық есептілігінің нысандары алдын ала көрсетілген болса, салық органының ақпараттық жүйесі осы салық кезеңі үшін нөлдік көрсеткіштері бар есептілікті автоматты түрде қалыптастырады.
Бұл норма жеке кәсіпкердің қызметіне байланысты емес қызмет бойынша есептілік ұсынатын жеке тұлғаларға қолданылмайды.
Салық есептілігі автоматты түрде қалыптастырылғаннан кейін, салық салу объектілері болған жағдайда, салық төлеуші қосымша салық есептілігін ұсынуға міндетті.
Егер қағаз нысандағы бастапқы немесе кезекті салық есептілігі ұсынылып, оған «Құжат қабылданды» мәртебесі берілсе, осы салық кезеңі үшін бұрын автоматты түрде қалыптастырылған есептілік жойылады.