Өтініштерді беру/қарау тәртібі және шешімдерге шағымдану алгоритмі (ӘРПК-ға сәйкес)

Өтініштерді беру/қарау тәртібі және шешімдерге шағымдану алгоритмі (ӘРПК-ға сәйкес)

ӘРПК 20-бабына сәйкес азаматтардың өтініштерін қабылдау мынадай түрде жүзеге асырылады.

  1. Әкімшілік орган, лауазымды адам:

1) жолданымдарды қабылдайды және тіркейді, оларды және оларға қоса берілген құжаттарды ресімдеуге жәрдемдеседі, формальды қателерді жоюға және қоса берілетін құжаттарды толықтыруға мүмкіндік береді;

2) әкімшілік рәсімге қатысушыға оның әкімшілік рәсімді жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;

3) әкімшілік рәсімді жүзеге асыруға қажетті ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сұратады және алады;

4) әкімшілік рәсімге қатысушыны өткізілетін тыңдаудың орны мен уақыты туралы күні бұрын хабардар етеді;

5) осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, әкімшілік рәсім бойынша шешім қабылдау алдында әкімшілік рәсімге қатысушыны тыңдайды;

6) әкімшілік актіні осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік рәсімге қатысушының не олардың өкілдерінің назарына жеткізеді;

7) осы Кодексте белгіленген жағдайларда және негіздер бойынша әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын іске асырудан бас тартады;

8) осы Кодексте көзделген жағдайларда, өз құзыреті шегінде әкімшілік органдарға, лауазымды адамдарға жәрдем көрсетеді;

9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

  1. Мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, мемлекеттік заңды тұлғалар, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғалар келіп түскен, қаралған жолданымдардың, хабарлардың, үн қосулардың, ұсыныстардың, сұрау салулардың саны және оларды құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік орган белгілеген мерзімдерде және көлемде қарау нәтижелері туралы мемлекеттік құқықтық статистикалық ақпаратты беруге міндетті.

Шағым беру мерзімі

  1. Әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік актіні қабылдау немесе әкімшілік әрекет жасау (әрекетсіздік таныту) туралы белгілі болған күннен бастап үш айдан кешіктірмей әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі.

      1-1. Егер әкімшілік актіде немесе оған қосымшада әкімшілік актіге шағым жасаудың осы Кодекстің 80-бабының бесінші бөлігінде көрсетілген ықтимал құқықтық тәсілдері көзделмесе, мұндай әкімшілік актіге шағымды әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік актінің қабылданғаны туралы белгілі болған күннен бастап алты айдан кешіктірмей беруге болады.

  1. Осы баптың бірінші және 1-1-бөліктерінде белгіленген мерзім дәлелді себеппен өткізіп алған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмеген жағдайда, бұл мерзімді әкімшілік рәсімге қатысушының өтінішхаты бойынша шағымды қарайтын орган қалпына келтіруі мүмкін.

Шағым берудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру мақсатында шағымды қарайтын орган ауруды, еңсерілмейтін күштің мән-жайларын және адамды шағым беру мүмкіндігінен айыратын өзге де себептерді дәлелді себептер ретінде таниды.

Шағым жасау үшін өткізіп алынған мерзім шағымды қарайтын органның шағымды қабылдаудан бас тартуы үшін негіз болып табылмайды. Мерзімді өткізіп алу себептері шағымды қарау кезінде анықталады және шағымды қанағаттандырудан бас тарту үшін негіздердің бірі болып табылуы мүмкін.

ӘРПК 99-бабына сәйкес шағымды қарау мерзімі егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, шағымды қарау мерзімі шағым тіркелген күннен бастап жиырма жұмыс күнін құрайды.

Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, шағымды қарау мерзімін ұзартуға жол берілмейді.