
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңымен (бұдан әрі -Заң) енгізілген жеке тұлғалардың банкроттығы институты күрделі қаржылық жағдайға тап болған азаматтарды әлеуметтік қорғаудың маңызды тетігіне айналды. Оның негізгі мақсаты – берешекті реттеу ғана емес, сондай-ақ адал борышкерлерге төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге және шамадан тыс борыштық жүктемесіз қаржылық қызметін қайта бастауға мүмкіндік беру. Осы тетікті іске асыруда уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті және оның аумақтық бөлімшелері негізгі рөл атқарады.
Уәкілетті органның өкілеттіктері Заңның 9-бабында бекітілген. Уәкілетті орган соттан тыс және сот тәртібімен банкроттық рәсімдерін нормативтік және ұйымдастырушылық тұрғыдан сүйемелдеуді жүзеге асырады, қажетті құжаттардың нысандарын бекітеді, борышкерлердің қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу қағидаларын әзірлейді, сондай-ақ заңнаманың республика аумағында біркелкі қолданылуын қамтамасыз етеді.
Уәкілетті органның рөлі әсіресе соттан тыс банкроттық рәсімін жүргізу кезінде ерекше маңызды. Азаматтардың өтініштері дәл осы орган арқылы қабылданып, қаралады, олардың заңда белгіленген талаптарға сәйкестігі тексеріледі, мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан қажетті мәліметтер сұратылады, содан кейін рәсімді қолдану немесе қолданудан бас тарту туралы шешім қабылданады. Мұндай тәсіл өтініштерді объективті қарауды қамтамасыз етіп, құқықты теріс пайдалану тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Сот тәртібімен жүргізілетін банкроттық рәсімдерінде де уәкілетті органның рөлі айтарлықтай маңызды. Сот тиісті рәсімді қозғағаннан кейін уәкілетті орган қаржы басқарушысын тағайындайды, оған борышкердің қаржылық жағдайы, мүлкі мен міндеттемелері туралы қажетті ақпаратты ұсынады, сондай-ақ қаржы басқарушыларының қызметіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Бұл банкроттық рәсімдерінің заңдылығын, ашықтығын және тиімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін азаматтың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу де уәкілетті органның маңызды функцияларының бірі болып табылады. Мұндай мониторинг мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікті сатып алу жағдайларын анықтауға мүмкіндік береді және заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ете отырып, борышкерлер мен кредиторлардың мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді.
Осылайша, уәкілетті орган Қазақстандағы жеке тұлғалардың банкроттық жүйесінің негізгі буыны болып табылады. Оның қызметі рәсімдердің заңдылығын қамтамасыз етуге, азаматтар мен кредиторлардың құқықтарын қорғауға, процестің ашықтығын арттыруға және қоғамның банкроттық институтына деген сенімін нығайтуға бағытталған. Цифрлық сервистерді жетілдіру және заңнаманы одан әрі дамыту банкроттық рәсімдерін анағұрлым қолжетімді, тиімді әрі әлеуметтік бағдарланған етуге мүмкіндік береді.