Салықтық әкімшілендірудегі жаңашылдықтар

Салықтық әкімшілендірудегі жаңашылдықтар

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық әкімшілендіру саласында ауқымды өзгерістер күшіне енді. Негізгі мақсат – салықтық бақылауды цифрландыру, адал бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту және салық төлеуден жалтаруға бақылауды күшейту.

Жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді едәуір жеңілдетуді көздейді: салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқартылады, салықтық жеңілдіктер оңтайландырылады, салық берешегін өндіріп алу, төлеу мерзімін ұзарту және бөліп төлеу рәсімдері жеңілдетіледі.

Енді салықтық әкімшілендіруге электрондық шот-фактураларды (ЭСФ) жазып беру бақылауы да кіреді.

Электрондық шот-фактураларды жазып беру бақылауы мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
1) электрондық шот-фактураларды жазып беруді автоматтандырылған бақылау;
2) электрондық шот-фактураларды жазып беруді салыстырмалы бақылау.

«e-Тамға» арнайы ақпараттық сервисі арқылы ҚҚС-тың ағымдағы қалдығын есептеу негізінде электрондық шот-фактураларды жазып беруді автоматтандырылған бақылау енгізілді.

Егер электрондық шот-фактура ҚҚС-мен расталған заңды шығыстармен (жеткізушілерден сатып алу, тауарларды импорттау немесе бейрезиденттердің қызметтері) қамтамасыз етілмесе, жүйе ҚҚС сомасы төленіп, баланс толықтырылғаннан кейін ғана электрондық шот-фактураны жазып беруге мүмкіндік береді.

Тәуекелдерді басқару жүйесіне қатысты тәсілдер қайта қаралды.

Салық төлеушілерді тәуекел дәрежесі бойынша санаттарға бөлу жойылды.

Салықтық тексерулерді жоспарлы және жоспардан тыс тексерулерге бөлу алынып тасталды. Салықтық тексеру салықтық жүктеме коэффициентінің көрсеткіші ескеріле отырып тағайындалады.

Салық міндеттемесін қамтамасыз ету тәсілдері кеңейтілді. Өсімпұл есептеу, шығыс операцияларын тоқтата тұру және мүлікке билік етуге шектеу қоюмен қатар, электрондық шот-фактураларды жазып беруді тоқтата тұру және шетелдік компанияның интернет-платформасына қолжетімділікті шектеу сияқты жаңа тәсілдер енгізілді.

Камералдық бақылау ескерту сипатында жүргізіледі. Хабарлама талаптары орындалмаған, яғни белгіленген мерзімде түсіндірме ұсынылмаған жағдайда, банктік шоттар бойынша шығыс операциялары тоқтатылады және электрондық шот-фактураларды жазып беру де тоқтатылады.

Мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушілердің жекелеген санаттарына мемлекеттік қызмет көрсету және салық міндеттемелерін орындау бойынша ақпараттық-түсіндіру қолдауын көрсету мақсатында көшпелі сервистік топтар құрды.

Көшпелі сервистік топтың келуіне өтінім беру Мемлекеттік кірістер органдарының 1414 байланыс орталығы арқылы жүзеге асырылады.