
2026 жылғы 26 мамырда Шығыс Қазақстан облыстық «Атамекен» ҰКП филиалының алаңында «Салық және кеден заңнамасының өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері, салық төлеушілер, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар, консалтингтік компаниялардың өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлер қатысты.
Дөңгелек үстел барысында салықтар мен төлемдерді төлеу бойынша салық міндеттемелерін орындау мерзімдерін өзгерту мәселелері, сондай-ақ салықтарды, төлемдерді және өсімпұлдарды төлеу бойынша мерзімін ұзарту және бөліп төлеу тәртібі қаралды.
Сондай-ақ салық төлеушілердің күнделікті қызметінде жиі туындайтын салық заңнамасына қатысты сұрақтарды қарау тәжірибесіне ерекше назар аударылды.
Іс-шараға қатысушыларға тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды рәсімдеу және растау тәртібі, қолданыстағы қағидалар шеңберіндегі құжат айналымы мәселелері, пилоттық жобаны іске асыру ерекшеліктері және жекелеген тауар түрлерін әкетуді реттеу мәселелері түсіндірілді.
Бұдан бөлек, ЕАЭО СЭҚ ТН сәйкес тауарларды сыныптау бойынша алдын ала шешімдер қабылдау мемлекеттік қызметінің артықшылықтары және заңсыз кәсіпкерлікті төмендетуге бағытталған шаралар талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, салықтық және кедендік әкімшілендірудің өзекті бағыттары бойынша пікір алмасты.