Уақытша және банкроттық басқарушының өкілеттіктері

Уақытша және банкроттық басқарушының өкілеттіктері

Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңына сәйкес банкроттық рәсімдерін тиімді жүргізуде уақытша және банкроттық басқарушылардың рөлі айқындалған.

Уақытша басқарушы банкроттық туралы істі қарау кезеңінде қызмет атқарады (Заңның 88-бабы). Ол борышкер және оның мүлкі туралы ақпарат сұратуға, мәмілелерді анықтап, оларды даулауға, сондай-ақ кредиторлардан қажетті құжаттарды талап етуге құқылы.

Уақытша басқарушының негізгі міндеттері – борышкердің қаржылық жағдайына талдау жүргізу және сотқа оның қаржылық тұрақтылығы туралы қорытынды ұсыну.

Борышкер банкрот деп танылғаннан кейін уақытша басқарушы банкроттық рәсімінің бастапқы кезеңін қамтамасыз етеді: банкроттық туралы ақпаратты жариялайды, кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастырады, мүлікке түгендеу жүргізеді, кредиторлардың алғашқы жиналысын ұйымдастырады және барлық құжаттар мен мүлікті банкроттық басқарушыға тапсырады.

Банкроттық басқарушы борышкер банкрот деп танылғаннан кейін банкроттық рәсімін жүзеге асырады (Заңның 89-бабы). Ол құжаттар мен ақпаратты сұратуға, мәмілелер мен қайта ұйымдастыруды даулауға, кредиторлардың келісімімен қаржыландыру тартуға және қабылданған шешімдерге шағымдануға құқылы.

Банкроттық басқарушының негізгі міндеттері – борышкердің мүлкі мен құжаттарын қабылдау, дебиторлық берешекті өндіріп алу, банкрот мүлкін сату, кредиторлар талаптарының тізілімін жүргізу және белгіленген кезектілікпен кредиторлармен есеп айырысу.

Сонымен қатар, ол субсидиарлық жауапкершілікке жататын тұлғаларды анықтайды, кредиторлар мен уәкілетті органды хабардар етеді және банкроттық рәсімін толық аяқтауды, оның ішінде банк шоттарын жабуды қамтамасыз етеді.

Заңның 88 және 89-баптарында көзделген өкілеттіктерді нақты бөлу банкроттық рәсімдерін ашық, тиімді және кезең-кезеңімен жүргізуге мүмкіндік береді.