
2026 жылғы 19 ақпанда НПП РК «Атамекен» ШҚОФ алаңында 2026 жылдан бастап күшіне енген салық заңнамасындағы өзгерістерге арналған «Бизнес және салықтар» жобасы аясында офлайн және онлайн форматта кездесу өтті.
Іс-шараға ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері — Берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Азамат Жакиянов және Түсіндіру жұмысы және Байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимова қатысты.
Семинар барысында Берешекпен жұмыс басқармасының басшысы жаңа Салық кодексінде көзделген салық берешегін өндіріп алудың жаңа қағидаларына, сондай-ақ өсімпұл мен айыппұлдарды «таза парақтан» есептен шығару тетігін қолдану тәртібіне жан-жақты тоқталды.
Азамат Жақияновтың айтуынша, жаңа Салық кодексінде салық берешегінің шекті мөлшері — мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдері мен шараларын қолдану кезінде тәуекел дәрежесіне байланыстырмай, кемінде 20 айлық есептік көрсеткіш (бұрын 6 АЕК) деңгейінде белгіленген. Қамтамасыз ету шараларын қолданғанға дейін салық органдары хабарламалар мен ескертпе сипаттағы және міндетті хабарламалар жібереді.
Енді өндіріп алу шаралары кезең-кезеңімен қолданылады:
• 20 АЕК-ке дейін — хабарлама жолдау және өсімпұл есептеу;
• 20 АЕК-тен жоғары — хабарлама жіберу, өсімпұл есептеу, шоттарды бұғаттау және инкассалық өкімдер шығару;
• 45 АЕК-тен жоғары — мүлікке тыйым салуды және дебиторлық берешекті өндіріп алуды қоса алғанда барлық шаралар;
• 27 000 АЕК-тен жоғары — берешек 3 айдан астам өтелмеген жағдайда сот шешімімен елден шығуға тыйым салу.
Сондай-ақ спикер кейінге қалдыру және бөліп төлеу мәселелеріне тоқталды. 2026 жылдан бастап белгіленген талаптарға сәйкес келетін салық төлеушілерге, сондай-ақ көлденең мониторингке қатысушыларға кепілсіз және банктік кепілдіксіз бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Бұдан бөлек, уақытша қаржылық қиындықтар туындаған жағдайда 1500 АЕК-ке дейінгі берешегі бар салық төлеушілер үшін кепілсіз бөліп төлеу тетігі енгізілді. Бөліп төлеу мерзімі — 36 айға дейін, кейінге қалдыру — 6 айға дейін.
Түсіндіру жұмысы және Байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимова салық заңнамасындағы жаңашылдықтар, арнаулы салық режимдері және өтпелі ережелер бойынша түсіндірме берді. Оның айтуынша, жаңа Салық кодексіне сәйкес үш арнаулы салық режимі қарастырылған: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, оңайлатылған декларация негізінде және шаруа немесе фермер қожалықтары үшін.
«Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолдануды жоспарлаған салық төлеушілер 2026 жылғы 28 ақпаннан кешіктірмей қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама ұсынуы қажет. Хабарлама ұсынылмаған жағдайда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей белгіленген режимге автоматты түрде көшіріледі», — деп атап өтті спикер.
Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпкерлер жаңа нормаларды практикалық қолдану бойынша сұрақтарына жауап алып, ұйымдастырушылар мен спикерлерге жан-жақты түсіндірмелері үшін алғыс білдірді.
Тікелей эфир жазбасы келесі сілтеме бойынша:
https://www.facebook.com/share/v/1HS8Z67Aot/