
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2026 жылғы 28 ақпан қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламаны ұсынудың соңғы күні екенін хабарлайды. Жалпыға бірдей белгіленген режимге автоматты түрде ауысудың алдын алу үшін хабарламаны тапсыруды кейінге қалдырмауды ұсынамыз.
Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексіне сәйкес үш арнайы салық режимі қарастырылған:
• өзін - өзі жұмыспен қамтығандар үшін;
• оңайлатылған декларация негізінде;
• шаруа және фермер қожалықтары үшін.
Оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануды жоспарлап отырған салық төлеушілер 2026 жылғы 28 ақпаннан кешіктірмей қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламаны ұсынуы қажет.
Назар аударыңыз: белгіленген мерзімде хабарлама ұсынылмаған жағдайда, салық төлеуші жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне автоматты түрде ауыстырылған болып есептеледі. Режимді қолдануды бастау мерзімі - 2026 жылғы 1 қаңтар болып есептеледі.
Хабарламаны келесі тәсілдер арқылы тапсыруға болады:
• Салық төлеушінің кабинеті арқылы (СӘБЖ АЖ, «Құжаттарды тапсыру» бөлімі — «Қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама»);
• «e-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы («Қызметтер» бөлімі — «ЖК салық режимін өзгерту»);
• орналасқан жері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына (қағаз жеткізгіште);
• екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы («Мемлекеттік қызметтер» бөлімі — «ЖК деректемелері мен салық режимін өзгерту»).