
2026 жылғы 12 қаңтарда Өскемен қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының алаңында республикалық «Халықтық бухгалтер» акциясы аясында Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары үшін Ашық есік күні өткізілді.
Іс-шара барысында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің және Өскемен қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері ПОБ «Учёт» кәсіби бухгалтері Светлана Осикова қатысуымен салық төлеушілерге консультативтік көмек көрсетті.
Мемлекеттік кірістер органдарының мамандары жаңа Салық кодексінің ережелерін, салықтық есептілікті тапсыру тәртібін, арнайы салық режимдері бойынша өтпелі нормаларды, ҚҚС бойынша тіркеу және тіркеуден шығару мәселелерін, сондай-ақ ақпараттық жүйелерде жұмыс істеу ерекшеліктерін түсіндірді.
Іс-шара барысында өзін-өзі жұмыспен қамту режиміне көшу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар тіркеу тәртібі, салық салу және салықтық міндеттемелерді орындау бойынша толыққанды түсіндірмелер мен жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар алды.
Іс-шара соңында қатысушылар мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлеріне көрсетілген кәсіби кеңестер мен қолдау үшін алғыстарын білдірді.
«Халықтық бухгалтер» республикалық акциясы мемлекеттік кірістер органдары қызметінде сервистік тәсілді дамытуға, халықтың салықтық сауаттылығын арттыруға және салық заңнамасын бұзу фактілерінің алдын алуға бағытталған.
Акция 2026 жылғы 30 маусымға дейін жалғасады. Салық төлеушілерге арналған консультациялар бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде өткізіледі:
қаңтар–ақпан айларында — дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін; наурыз айынан бастап — аптасына екі рет.
Консультациялар мына мекенжай бойынша өткізіледі: Өскемен қ., Н. Назарбаев даңғылы, 86, 3-қабат, Өскемен қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы.
Облыстың басқа қалалары мен аудандарының салық төлеушілері үшін бейнебайланыс арқылы консультация алу мүмкіндігі қарастырылған. Байланыс нөмірі: 8 771 123 80 84.