ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде Ашық есік күні

ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде  Ашық есік күні

2025 жылғы 18 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай ШҚО жоғары оқу орындарының студенттері үшін Ашық есік күні өткізілді.

Іс - шара жастарды мемлекеттік кірістер органдарының қызметімен таныстыру, мемлекеттік қызметке деген қызығушылықтарын арттыру, сондай-ақ студенттерді өндірістік іс - тәжірибеден өтуге және алдағы уақытта ведомствоға жұмысқа орналасуға тарту мақсатында ұйымдастырылды.

Ашық есік күні барысында Департамент өкілдері қатысушыларға мемлекеттік кірістер органдары қызметінің негізгі бағыттары, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі және бюджетті толтырудағы рөлі, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кіру талаптары мен мүмкіндіктері туралы ақпарат берді. Студенттер іс-тәжірибеден өту тәртібі, тағылымдамадан өту шарттары және мансаптық өсу болашағы туралы ақпарат алды.

Іс - шара аясында спикерлер мемлекеттік қызметте ашықтық, заңдылық және адалдық қағидаттарын сақтауға бағытталған мемлекеттік кірістер органдарында жүзеге асырылып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларымен таныстырды.

Сонымен қатар, құрылымдық бөлімшелердің мамандарымен таныстыру кездесулері, презентациялар және Департамент мұражайына экскурсия ұйымдастырылды.
Кездесудің ресми бөлімі аяқталғаннан кейін студенттерге кеден бекеттерінің қызметі барысында қолданылатын заманауи кедендік тексеру және бақылау құралдары мен техникалық құралдар көрсетілді.

Ашық есік күнінің өткізілуі мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер органдарының кадрлық әлеуетін қалыптастыруға маңызды қадам болды.

@amanzholov_university