
2025 жылғы 12 қараша күні Өскемен қаласында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шығыс Қазақстан облысы бойынша аймақтық филиалы ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментімен (әрі қарай – Департамент), Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросымен, сондай-ақ «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ШҚО филиалымен бірлесіп офлайн және онлайн форматтарда конференция өткізді.
Іс-шараның мақсаты – өңір кәсіпкерлерінің уәкілетті органдарға қолданыстағы ҚР заңнамасына сәйкес есептілікті дұрыс және уақтылы тапсыру мәселелері бойынша хабардар болу деңгейін арттыру.
Конференция барысында Департамент өкілдері 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін салық заңнамасындағы негізгі өзгерістерді егжей-тегжейлі түсіндірді. Аталған өзгерістер әділ салық салу қағидатын қамтамасыз етуге, салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге және салықтық бақылауды цифрландыруға бағытталған. Сонымен қатар, қатысушыларға салық есептілігі нысандарын қабылдау бойынша мемлекеттік қызмет, оларды тапсыру мерзімдері мен тәсілдері туралы толық ақпарат берілді.
«Даму» қоры Мемлекеттік кірістер комитетінің және Ұлттық статистика бюросының аумақтық органдарымен бірлесіп Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлері үшін түсіндіру іс-шараларын өткізуді жалғастыруды жоспарлап отыр.
Мұндай бірлескен жұмыс бизнесті жүргізудің ашықтығын арттыруға, адал салық мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік құрылымдар мен өңір кәсіпкерлік қауымдастығы арасындағы серіктестікті нығайтуға ықпал етеді.