ТАУАРЛАРДЫ УАҚЫТША САҚТАУ

ТАУАРЛАРДЫ УАҚЫТША САҚТАУ

Тауарларды уақытша сақтау дегеніміз, ол шетелдік тауарларды уақытша сақтау орындарында кеден органы оларды шығарғанға дейін, немесе егер шетелдік тауарлар кедендік шекарасы арқылы тауарлардың орын ауыстыратын жерлерінде сақталған болса, тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кетуіне кеден органының рұқсатын алғанға дейін сақтау.

Тауарларды уақытша сақтау құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері арқылы өткізілетін тауарларға қатысты қолданылмайды. Тауарларды уақытша сақтауды жүзеге асыруға болатын уақытша сақтау қоймалары мен өзге де уақытша сақтау орындары болып табылады. Уақытша сақтау орындары кедендік бақылау аймағы болып табылады.

Тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін тасымалдаушы немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлға кеден органына тауарлар, тауарларды жөнелтуші және алушы, оларды жөнелтуші ел және межелі ел туралы мәліметтерді қамтитын көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) кедендік құжаттарды не электрондық құжат түрінде ұсынылған алдын ала ақпараттың тіркеу нөмірі туралы мәліметтерді қамтитын құжатты ұсынады.

Құжаттарды кеден органына беру электрондық нысанда жүзеге асырылуы мүмкін. Кеден органы тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін ұсынылған құжаттарды осындай құжаттар кеден органына берілген кезден бастап бір сағаттан кешіктірмей тіркейді және тұлғаға құжаттардың тіркелгені туралы растаманы береді.

Тауарларды уақытша сақтау мерзімі кеден органы тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін ұсынылған құжаттарды тіркеген күннен кейінгі күннен бастап есептеледі және төрт айды құрайды.