Көлікке салық берешегін өндіріп алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы

Көлікке салық берешегін өндіріп алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы

Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Салық кодексінде белгіленген нормаларға сәйкес, салықтарды төлеу – әрбір азаматтың міндеті болып табылады. Бұл міндет жеке тұлғаларға салынатын көлік құралдарына салынатын салыққа да қатысты.
Салық кодексінің талаптарына сай, көлік салығы салық төлеуші-жеке тұлғалармен өз бетінше есептелуге тиіс болғанымен, жыл сайын ақпан–наурыз айларында салық органдары алдыңғы салық кезеңі үшін – бұл жағдайда 2024 жыл үшін – автоматты түрде есеп айырысу жүргізеді. Көлік салығын төлеудің мерзімі есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуіріне дейін белгіленген.
Салық сомасы туралы ақпарат салық төлеушілерге Мемлекеттік кірістер комитетінің жеке кабинеті, eGov порталы арқылы жеткізіледі, сондай-ақ Kaspi және Халық банктерінің қосымшаларында көрсетіледі. Бұл азаматтарға салық міндеттемесімен уақтылы танысуға және төлем жасауға мүмкіндік береді.
Алайда, тәжірибе көрсеткендей, жыл сайын, әсіресе көлік салығы бойынша елеулі берешек қалыптасады. 2025 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша көлік салығы бойынша берешек сомасы 12 494 жеке тұлғада 498,9 млн теңгені құрады, бұл жергілікті салықтар бойынша жалпы берешектің 97%-ын құрайды. Бұл жағдай әкімшілік және құқықтық шараларды талап ететін жүйелі мәселеге айналғанын көрсетеді.
Салық төлеуші белгіленген мерзімде өз міндеттемесін орындамаған жағдайда, оның атына салық берешегі туралы хабарлама жіберіледі. Егер берешек өз еркімен өтелмесе, салық органдары мәжбүрлеп өндіріп алу тәртібін бастайды.
Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 116-бабына сәйкес, мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесін орындау мынадай тәсілдермен қамтамасыз етіледі: өсімпұл есептеу, банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтату, касса операцияларын тоқтату және мүлікке билік ету құқығын шектеу. Өсімпұл әрбір кешіктірілген күн үшін Қазақстан Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде есептеледі. Егер салық міндеттемесі әрі қарай да орындалмаса, салық органы берешекті өндіріп алу туралы бұйрық шығарып, оны жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп орындатуға жібереді. Жеке сот орындаушылары қолданыстағы заңнама аясында мүлікке тыйым салу, банктік карталарды бұғаттау, ақша қаражаттарын тәркілеу, елден шығуға тыйым салу және көлік құралын басқару құқығын шектеу сияқты қатаң шараларды қолдануға құқылы.
Сонымен қатар, өңірде жыл сайынғы Меморандум аясында ШҚО Әділет департаменті, Полиция департаменті және Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасымен бірлесіп бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бұл келісім шеңберінде берешек бар тұлғаларға тікелей барып ескерту, жалақыдан ұстап қалу арқылы өндіріп алу, сондай-ақ салық берешегінің бар екендігі туралы жұмыс берушілермен ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Осы шаралардың тиімділігі нақты көрсеткіштермен дәлелденеді. 2025 жылдың басынан бастап өңірде 447 рейд жүргізіліп, нәтижесінде 582 борышкер 10,9 млн теңге сомасындағы берешекті өз еркімен өтеді. Сонымен қатар, жеке сот орындаушыларына 311,1 млн теңгеге 9 865 атқарушылық бұйрық жолданып, олардың ішінен 7 691-ы бойынша берешек толығымен өтелді.
Берешекпен мекендеу мекенжайы бойынша жұмыс жүргізуді күшейту мақсатында облыс әкімінің аппаратына аудан және аудандық маңызы бар қала әкімдерінің тарапынан хабарламаларды табыстау, мемлекеттік кірістер басқармаларымен өзара әрекеттесу және берешекті азайту шараларын қабылдау бойынша қолдау көрсету жөнінде хат жолданды.