Соңғы уақытта ақпараттық кеңістікте қазақстан-ресей шекарасындағы, атап айтқанда, «Жайсан» автомобиль өткізу пунктіндегі кезек белсенді талқылануда. Кейбір басылымдар жүк көліктерінің жиналуын cargoruqsat электронды кезек жүйесінің жұмысымен қате байланыстырды.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті кептелістің негізгі себебі 2025 жылғы 13 мамырда басталған "Жайсан" өткізу пунктінің алдындағы «Самара – Шымкент» республикалық тасжолы учаскесіндегі уақытша жол жұмыстары болып табылатынын, бұл жұмыстың аяқталуы шамамен 2025 жылғы 7 маусымға жоспарланғанын хабарлайды. Жөндеу шеңберінде көлік қозғалысы уақытша бағдаршам мен құрылыс шлагбаумын қолданумен шектеледі, бұл жолдың өткізу мүмкіндігін төмендетеді.
Ресей тарапынан «Сагарчин» өткізу пунктінде тек екі жолақ жұмыс істейді, ал Қазақстан тарапынан "Жайсан" өткізу пунктінде төрт жолақ жұмыс істейді. Бұл өткізу мүмкіндігінің теңгерімсіздігін тудырады және кезектің пайда болуына ықпал етеді.
Qoldau.kz цифрлық платформа базасында жұмыс істейтін CarGoRuqsat электрондық кезек жүйесі мемлекеттік шекараны цифрландырудың тиімді құралы болып табылады. 2023 жылы үшінші елдермен шекарада енгізілгеннен бері өткізу пункттерінің өткізу мүмкіндігі 61%-ға ұлғайды. ЕАЭО елдерімен шекарада жүйе арқылы 230 мыңнан астам жүк автомашинасы өтті.
CARGORUQSAT ЭКЖ тасымалдаушыларға шекарадан өту уақытын алдын ала брондау мүмкіндігін, брондаудың ашық және тең шарттарын, берешектердің болуы немесе құжаттарды ресімдеу қажеттілігі туралы автоматты хабарламаны, сондай-ақ қажет болған жағдайда жеке тариф бойынша жеделдетіп өтуді ұсынады.
Жалпы, ЭКЖ көлік ағындарын тиімді реттеуге мүмкіндік береді, шекарадан өту процестерінің ашықтығын қамтамасыз етеді, адам факторының ықпалын және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтады, осыған байланысты жиналып қалудың себебі болып табылмайды.
Ағымдағы жағдайды ескере отырып, тасымалдаушыларға ұсынылады:
- шекарадан өту уақытын алдын ала брондау және таңдалған уақытта өткізу пунктіне келу;
- жол жағдайы және жүру жолындағы ықтимал шектеулер туралы ақпаратты уақтылы қадағалау;
- өткізу пунктінде кептелісті болдырмау мақсатында Комитет тасымалдаушылар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды CarGoRuqsat жүйесінде электрондық кезекті брондауға және келу күнін қатаң сақтауға шақырады;
- әлеуметтік желілердегі тәртіпті бұзуды көздейтін арандатушылыққа және жалған ақпаратқа сенбеу, сондай-ақ бағдарлама- боттарды және жүйені айналып өтудің өзге де схемаларын пайдаланудан бас тарту – мұндай әрекеттер бақыланады және жолы кесіледі.