ӨКҚ алаңындағы "Жалпыға бірдей декларациялау және мобильді аударымдар" тақырыбындағы брифинг

ӨКҚ алаңындағы "Жалпыға бірдей декларациялау және мобильді аударымдар" тақырыбындағы брифинг

          Ағымдағы жылдың 5 маусымында Ұлытау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Ұлытау облысы бойынша МКД өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы А.Альсеитов пен түсіндіру жұмысы және Байланыс-орталығы бөлімінің басшысы С.Бижаксинның қатысуымен «Жалпыға бірдей декларациялау және мобильді аударымдар» тақырыбы бойынша брифинг өтті.
          Брифинг барысында 270.00 нысаны бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсырудың негізгі талаптары түсіндірілді. 2026 жылы декларация 2025 есепті жыл үшін ұсынылатыны, сондай-ақ оны тапсыру мерзімі 2026 жылғы 15 қыркүйекте аяқталатыны атап өтілді.              Қатысушыларға декларация тапсыруға міндетті тұлғалар санаттары мен декларацияда көрсетілуі тиіс мәліметтер жөнінде ақпарат берілді.
          Сонымен қатар брифинг аясында мобильді аударымдарды бақылау тәртібі, банктердің мемлекеттік кірістер органдарына мәліметтер ұсыну критерийлері, камералдық бақылау жүргізу тәртібі және мемлекеттік тіркеусіз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін көзделген жауапкершілік мәселелері жан-жақты түсіндірілді.
          Сондай-ақ салық салу объектісі мобильді аударымдардың өзі емес, алынған табыс екендігіне ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, туыстар арасындағы аударымдар мен мерекелерге байланысты сыйға берілген қаражаттардың салық салынатын табыс болып табылмайтыны түсіндірілді.
          Брифинг қорытындысы бойынша келіп түскен сұрақтарға жауаптар беріліп, көтерілген мәселелер бойынша қосымша түсіндірмелер ұсынылды.