Жеке тұлғалардың мүлкіне және көлік құралдарына салынатын салықтарды жинау бөлігінде салықтық әкімшілендіруді жетілдіру бойынша Павлодар облысында бұрын іске асырылған пилоттық жобаны енгізу аясында Ұлытау облысының ауылдық округтерінде аталған жобаны енгізу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Осыған байланысты 2026 жылғы 28 мамырда Ұлытау облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кеңесшісі Арғын Қыпшақов келіп, пилоттық жобаны іске асыру мәселелері бойынша түсіндіру іс-шараларын өткізді.
Сапар барысында Департаменттің, Жезқазған қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының, Сәтбаев қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының, сондай-ақ Ұлытау ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлерімен кездесулер өтті. Кездесулер аясында пилоттық жобаны іске асырудың негізгі бағыттары, ауылдық округ әкімдіктерімен өзара іс-қимыл жасау тәртібі, сондай-ақ жергілікті салықтарды әкімшілендіру тиімділігін арттыру мәселелері бойынша түсіндірмелер берілді.
Сонымен қатар 2026 жылғы 29 мамырда Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаевпен бірлесіп бейнеконференцбайланыс арқылы Қаражал қаласы бойынша және Жаңаарқа ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармалары қызметкерлерінің, сондай-ақ Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен кеңес өткізілді.
Бейнеконференцбайланыс барысында қатысушыларға пилоттық жобаны іске асыру, салық төлеушілермен жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік органдар мен ауылдық округ әкімдіктерінің өзара іс-қимылы, сондай-ақ жеке тұлғалардың мүлік және көлік құралдарына салынатын салықтарын әкімшілендіру жұмысын тиімді жүргізу мәселелері бойынша түсіндірмелер берілді.