МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛУ КҮНІНЕ ОРАЙ ҮЗДІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ
Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдарының құрылу күніне орай Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде салтанатты іс-шара өтті.
Салтанатты жиында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Нұрахаев Мақсат Екматқүлұлы сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, мемлекеттік кірістер органдарының ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бюджет кірістерін толықтыруға, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге қосып келе жатқан үлесін атап өтті.
Кәсіби мереке аясында қызметтік міндеттерін үлгілі атқарып, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізген, мемлекеттік кірістер органдарының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар қызметкерлер мен сала ардагерлері ведомстволық наградалармен марапатталды.
Атап айтқанда, үздік қызметкерлерге:
— «ҚР ҚМ Еңбек ардагері» төсбелгісі;
— «ҚР ҚМ Еңбек озаты» төсбелгісі;
— «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі» төсбелгісі;
— Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Құрмет грамоталары табысталды.
Бұл марапаттар – қызметкерлердің көп жылғы адал еңбегіне, жоғары кәсібилігіне, жауапкершілігі мен мемлекеттік қызметке деген адалдығына берілген лайықты баға.
Іс-шара соңында Департамент басшысы Нұрахаев Мақсат Екматқүлұлы марапат иелерін құттықтап, алдағы қызметтеріне табыс, зор денсаулық және ел игілігі жолындағы еңбектеріне сәттілік тіледі.