
Сарыағаш ауданы әкімдігінің ғимаратында Сарыағаш ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының ұйымдастыруымен жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің қатысуымен семинар өткізілді.
Семинар барысында жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының иелеріне 2026 жылдан бастап Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қатысушыларға салықтық әкімшілендірудің жаңа тетіктері, қолданысқа енетін негізгі жаңалықтар және олардың кәсіпкерлік қызметке ықпалы туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілді.
Басқарма басшысы Т.Әлиев алдағы өзгерістердің мазмұнына тоқталып, кәсіпкерлерді жиі толғандыратын сұрақтарға жауап беріп, туындайтын практикалық мәселелердің шешу жолдарын талқылады.
Жаңа Салық кодексінің басты мақсаты – салық жүйесін барынша қарапайым, әділ және тиімді ету. Атап айтқанда:
✅ Салық төлеушілерге қолайлы жағдай жасау – есеп беру рәсімдерін жеңілдету, электрондық сервистерді дамыту;
✅ Әділ салық салуды қамтамасыз ету – көлеңкелі экономиканы қысқарту, салықтық базаны кеңейту;
✅ Кәсіпкерлікті қолдау – шағын және орта бизнеске түсетін жүктемені азайту;
✅ Мемлекеттік бюджет кірістерін тұрақты қалыптастыру – әлеуметтік және экономикалық бағдарламаларды қаржыландыру үшін;
✅ Халық пен бизнес арасындағы сенімді арттыру – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы аясында ашықтықты күшейту.
Мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – кәсіпкерлердің салық заңнамасындағы өзгерістерге уақтылы бейімделуіне мүмкіндік жасау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара сенім мен тиімді ынтымақтастықты нығайту.
Семинар соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар берілді.