Павлодар облысы бойынша МКД басшысы Ержан Тоқтархановтың өңір тұрғындарына мобильді аударымдар туралы үндеуі

Павлодар облысы бойынша МКД басшысы Ержан Тоқтархановтың өңір тұрғындарына мобильді аударымдар туралы үндеуі

Құрметті Павлодар облысының тұрғындары! Мобильді аударымдарды тексеру тақырыбы көп сұрақ туындатып жатыр. Сондықтан нақты түсіндіріп өтейін, алаңдауға негіз жоқ: жеке шоттар бірден бұғатталмайды.

Естеріңізге саламын, мемлекеттік кірістер органдарының бақылауына мына үш жағдай қатар келгенде ғана ілігесіз:

Біріншісі – сіздің шотыңызға жүзден аса түрлі адамнан ақша түссе. Екіншісі – бұл жағдай қатарынан үш ай қайталанса. Және үшіншісі – осы уақыт ішінде түскен жалпы сома 1 миллион 20 мың теңгеден асса.

Көпшілік бұл сома қайдан шықты деп сұрайды. Түсіндіре кетейін: заң бойынша тексеру шегі ең төменгі жалақыға байланысты. Яғни, аударымдар сомасы 12 ең төменгі жалақыдан асуы керек. 2026 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге. Оны 12-ге көбейтсек, дәл сол 1 миллион 20 мың теңге шығады.

Атап өткім келеді: отбасыңызға, достарыңыз бен әріптестеріңізге жіберген шағын аударымдар тексерілмейді. Біздің басты мақсатымыз – жасырын кәсіпкерлікті анықтау.

Тіпті сіздің аударымдарыңыз осы шарттарға сәйкес келсе де, біз тек хабарлама ғана жібереміз. Түсініктеме беруге немесе жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелуге 30 күн уақытыңыз болады. Шотты бұғаттау – ең соңғы шара.

Ашық жұмыс істеңіздер, уайымдамаңыздар!