
Құрметті Павлодар облысының кәсіпкерлері!
2026 жылдан бастап шағын бизнес үшін тек үш арнайы салық режимі жұмыс істейді. Солардың әрқайсысына тоқталып өтейік.
Біріншісі – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін. Бұл таксистер, курьерлер және қызмет көрсететін адамдар үшін өте жақсы нұсқа. Сізге ЖК (жеке кәсіпкерлік) ашудың және есеп берудің қажеті жоқ. Тек 4% әлеуметтік төлем төлейсіз. Жай ғана «e-Salyq Business» қосымшасында чек ұрыңыз, ал статус сізге автоматты түрде беріледі. Біздің Павлодар облысында осылайша 13 жарым мыңнан астам адам жұмыс істеп жатыр.
Екінші режим – оңайлатылған декларация. Ол бұрынғы үш режимді біріктірді. Базалық мөлшерлеме 4%, бірақ біздің өңірде мәслихаттың шешімімен ол 3%-ға дейін төмендетілді. Жылдық табыс екі жарым миллиард теңгеден аспауы керек. Жұмысшылар санына шектеу жоқ және сіз ҚҚС-тан (НДС) босатыласыз. Есеп жылына екі-ақ рет тапсырылады. Бұл режимді облысымыздың 38 мыңнан астам салық төлеушісі таңдап үлгерді.
Үшінші режим – шаруа және фермер қожалықтары үшін. Олардың саны өңірде үш жарым мыңға жуық. Биылдан бастап бірыңғай жер салығының орнына жеке табыс салығы (ЖТС) төленеді. Бірақ ең бастысы: сіздің барлық жеңілдіктеріңіз – жер, көлік, мүлік салықтарынан және ҚҚС-тан босату – толығымен сақталған.
Өзіңізге ыңғайлы режимді таңдап, кәсібіңізді заңды түрде дамытыңыз. Барлық толық ақпарат – видеоның астындағы сипаттамада!