Сіз сұрадыңыз – Біз жауап береміз

Сіз сұрадыңыз – Біз жауап береміз

Тақырыбы: «2026 жылғы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа режим»

1-сұрақ: Мен өзім үшін жұмыс істеймін (үйде торт пісіремін). Табысым тұрақты емес. Заңды жұмыс істеу үшін маған ЖК ашу міндетті ме?

Жауап: Жоқ, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ЖК тіркеудің қажеті жоқ. Жеке еңбегінен табыс табатын азаматтар үшін жаңа арнаулы салық режимі (АСР) енгізілді. Басты шарттар: сіз жалдамалы қызметкерлерді тартпай, өз бетіңізше жұмыс істейсіз, ал табысыңыз айына 300 АЕК-тен (шамамен 1,3 млн теңге) аспауы тиіс.

2-сұрақ: Маған қанша көлемде салық төлеуге тура келеді? Ал егер бұл айда менде мүлдем клиенттер болмаса ше?

Жауап: Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бірыңғай мөлшерлеме – нақты табыстың 4%-ы белгіленген. Бұл ретте жеке табыс салығы (ЖТС) 0%-ға тең. Барлық сома (4%) толығымен Сіздің әлеуметтік кепілдіктеріңізге: зейнетақы жарналарына (МЗЖ және ЖМЗЖ), әлеуметтік аударымдарға және медициналық сақтандыруға (МӘМС) жұмсалады. Режимнің басты артықшылығы: «табыс жоқ – төлем де жоқ» ережесі қолданылады. Егер Сіз бір ай ішінде ештеңе таппасаңыз, ештеңе төлеудің қажеті жоқ.

3-сұрақ: Мен бухгалтерияны түсінбеймін. Есептерді қалай тапсырып, салықтарды қалай төлеу керек?

Жауап: Салық декларацияларын тапсырудың қажеті жоқ. Барлық есепке алу барынша автоматтандырылған және смартфонда жүргізіледі. Сізге «e-Salyq Business» мобильді қосымшасын орнату немесе «Halyk» немесе «Kaspi» банктерінің қосымшаларындағы арнайы сервистерді пайдалану қажет. Мысалы, Kaspi.kz қосымшасында бұл «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған аударымдар» бөлімі, ал Halyk Bank-те – «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» сервисі. Төлем алған кезде Сіз электрондық чекті тікелей қосымшада қалыптастырасыз. Айдың соңында жүйенің өзі келесі айдың 25-іне дейін төленуі тиіс салықтың жалпы сомасын (4%) есептейді (мысалы, сәуір айы үшін салық 25 мамырға дейін төленеді). Төлем тікелей қосымшада жүргізіледі – ақша автоматты түрде Сіздің зейнетақы, әлеуметтік және медициналық жарналарыңызға бөлінеді.

4-сұрақ: Мұндай табыстар үшін жеке банк картасын ашу қажет пе?

Жауап: Иә. Жеке аударымдарды кәсіби табыстардан бөлу үшін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар банкке өтініш беріп, жеке ағымдағы шот ашуы қажет. Дәл осы шотқа Сіз өз қызметтеріңіз үшін төлем қабылдайтын боласыз.

5-сұрақ: Мен өз пәтерімді жалға беремін. Мен бұл мәртебені қолдана аламын ба?

Жауап: Иә. Жеке меншік немесе жалға алынған тұрғын үй жылжымайтын мүлігін жалға немесе қосалқы жалға беру ресми түрде осы режим үшін рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесіне кіреді.

6-сұрақ: Егер маған қызмет алу үшін заңды тұлға (мысалы, ЖШС) жүгінсе, мен олармен жұмыс істей аламын ба? Оларға ЭШФ жазып беру қажет пе?

Жауап: Иә, Сіз компанияларға қызмет көрсете аласыз. Компаниялар (оңайлатылған декларация бойынша жұмыс істейтін) Сіздің қызметтеріңізді шегерімдерге жатқызуға құқылы. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) жазып берудің қажеті жоқ. Компанияның шығыстарын растау үшін Сіздің мобильді қосымшадағы чегіңіз жеткілікті. Орындалған жұмыстар актісіне (ОЖА) қабылдаушы тарап (тапсырыс беруші) талап еткен жағдайда ғана қол қойылады.

Павлодар облысы бойынша МКД түсіндіру жұмысы

және Байланыс-орталығы басқармасы