1 сәуірге дейін үлгеру: Павлодар облысының ӨКҚ-да көлік салығын төлеу ережелері түсіндірілді

1 сәуірге дейін үлгеру: Павлодар облысының ӨКҚ-да көлік салығын төлеу ережелері түсіндірілді

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында жеке тұлғалардың 2025 жылғы көлік құралдарына салық төлеу мәселелеріне арналған брифинг өтті. Спикер ретінде өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Арман Уәлиев сөз сөйледі.

Өз сөзінде Арман Уәлиев өңірдегі көлік иелеріне 2025 жылғы көлік салығын төлеудің соңғы мерзімі 2026 жылғы 1 сәуірде аяқталатынын еске салды.

Спикер 2 сәуірден бастап салықты төлемеген тұлғаларға берешек туралы хабарламалар жіберілетінін, ал кешіктірілген әрбір күн үшін өсімпұл есептелетінін атап өтті.

Өндіріп алу алгоритмі келесідей жұмыс істейді:

- Хабарламаны алғаннан кейін салық төлеушіге қарызды өтеу үшін 30 жұмыс күні беріледі.

- Талап орындалмаған жағдайда автоматты түрде салық бұйрығы қалыптастырылады (оны орындауға 5 жұмыс күні беріледі).

- Егер бұйрық еленбесе, материалдар мәжбүрлеп өндіріп алу үшін Жеке сот орындаушыларының (ЖСО) палатасына беріледі.

ҚР Салық кодексіне сәйкес, көлік салығын салық төлеуші дербес есептейді. Мұны электрондық сервистер арқылы жасау ең ыңғайлы жол:

- «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы («Калькуляторлар» бөлімі).

- ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің порталы (kgd.gov.kz), «Көлік салығын есептеу» сервисі.

2025 жылға арналған есептеу үшін 2025 жылғы 1 қаңтарда қолданыста болған айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 932 теңге қолданылады. Сондай-ақ, калькуляторда көлікті іс жүзінде иеленген айлар санын, көлік түрін және қозғалтқыш көлемін көрсету қажет.

Салық жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша төленеді. Екінші деңгейлі банктер немесе терминалдар арқылы төлеу кезінде келесі деректерді пайдалану қажет:

- БЖК (бюджеттік жіктеу коды) – 104402;

- ТМК (төлем мақсатының коды) салықтың негізгі сомасы үшін – 911;

- Өсімпұл үшін ТМК – 912.

Төлем жасау үшін техникалық төлқұжатта көрсетілген көлік құралының 17 таңбалы VIN-кодын (жеңіл көліктер үшін шанақ нөмірі немесе жүк көліктері үшін шасси нөмірі) білу қажет.

Брифинг қорытындысы бойынша Арман Уәлиев БАҚ өкілдерінің сұрақтарына толық түсініктеме берді.

 

Павлодар облысы бойынша МКД-ның

түсіндіру жұмысы және байланыс-орталығы басқармасы