Сіз сұрадыңыз – Біз жауап береміз

Сіз сұрадыңыз – Біз жауап береміз

Сұрақ:

Мен жеке тұлғамын. Менде криптовалюта бар. Оны сату кезінде табыс қалай есептеледі және қандай салықтарды төлеу керек? Есептілікті тапсыру керек пе, егер солай болса, қайсысын?

Жауап:

Салық заңнамасында криптовалюта сандық активтерге жатады. Инвестициялау және есептеу үшін қолданылатын оларға биткоин, эфириум және басқа токендер жатады.

Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 18 шілдедегі Салық кодексінің 382-бабына сәйкес жеке тұлғалардың цифрлық активтерді сатудан түскен табыстары мүліктік табыс деп танылады. Сандық активтерді сату кезінде құн өсімінен кіріс пайда болады.

Құн өсімінен түскен табыс цифрлық активті өткізу құны мен оны сатып алу құны арасындағы оң айырма ретінде айқындалады. Мұндай кіріс цифрлық актив сатылған салық кезеңінде пайда болады. Көрсетілген табысқа 10% мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығы (ЖТС) салынады.

Егер цифрлық активтің құны шетел валютасында көрсетілсе және (немесе) операция шетел валютасында жүргізілсе, құн өсімі алдымен цифрлық активтің құны көрсетілген және (немесе) операция жүргізілген валютада айқындалады, содан кейін мұндай құн өсімі пайда болған күнтізбелік жылдағы валютаның орташа арифметикалық ресми бағамын қолдана отырып, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына қайта есептеледі.

Жеке тұлғалар салық міндеттемелерін өзі дербес орындайды.

Цифрлық активті сатудан түскен табыс жеке тұлғаның салық декларациясында көрсетіледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 270.00 нысаны бойынша табыс пен мүлік туралы декларация ұсынылады. Ұсыну мерзімі – 2026 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей.

Кәсіпкерлік кодекстің 35-бабының 3-тармағына сәйкес қызметкерлердің еңбегін тұрақты негізде пайдаланбайтын жеке тұлға мүліктік кіріс алған кезде жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелмеуге құқылы. Осылайша, криптовалютаны бір реттік сату кезінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет емес.

Алайда, цифрлық активтермен жүйелі сауданы жүзеге асыру кезінде қызметті кәсіпкерлік деп тануға болады және бұл жағдайда жеке кәсіпкер ретінде тіркеу қажет болады.

Павлодар облысы бойынша МКД

түсіндіру жұмысы және Байланыс-орталығы басқармасы