Электрондық сауда тауарлары – ЕАЭО-да жаңа кедендік реттеу

Электрондық сауда тауарлары – ЕАЭО-да жаңа кедендік реттеу

Жаңа реттеудің күшіне енуі

Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексіне сыртқы электрондық сауда мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы Хаттама, Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) мүше мемлекеттердің оның күшіне енуі үшін қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы аталған Хаттаманы ратификациялау рәсімін 2025 жылдың қазан айының басында аяқтады.

Сонымен қатар, жаңа кедендік реттеу күшіне енуі үшін Комиссия электрондық сауда тауарларына қатысты бірқатар актілерді қабылдауы қажет, ал ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер ұлттық кеден заңнамасын Хаттама ережелеріне сәйкестендіруі тиіс. Аталған рәсім Қазақстан Республикасында да жүргізілуі қажет. Бұл жұмыс Комиссия мен жекелеген мүше мемлекеттер тарапынан әлі толық аяқталған жоқ, әрі қазіргі уақытта Комиссиядан электрондық саудаға қатысты кедендік реттеудің нақты енгізілу күні жөнінде ақпарат алынған жоқ.

Электрондық сауда туарлары және оларды кім декларациялайды

Жаңа кедендік реттеу ЕАЭО елдерінен тыс орналасқан шетелдік онлайн-дүкендерден жеке тұлғалар сатып алатын тауарларға ғана қатысты болады. Яғни, бұл шетелдік интернет-платформалар арқылы жасалатын сатып алуларға қолданылады. Мысалы, Қытайдан, АҚШ-тан немесе Еуропалық одақ елдерінен жасалған тапсырыстар.

Ал егер сатып алулар ЕАЭО елдерінің интернет-платформаларында – мысалы, Wildberries, Ozon және басқа да осындай сайттарда жасалса, онда жаңа ережелер оларға қолданылмайды.

Қазіргі уақытта жеке тұлғалар шетелдік интернет-платформалардан сатып алып жүрген тауарлар халықаралық пошталық жөнелтілімдермен не тасымалдаушы арқылы жеткізілетін жеке пайдалану тауарлары санатынан «электрондық сауда тауарлары» санатына ауыстырылады. Жаңа реттеу тәртібіне көшу пошта сәлемдемелерін алушылар үшін барынша аз өзгерістермен және елеулі қолайсыздықтарсыз өтеді деп күтілуде.

Жаңа ұғымдар – «электрондық сауда тауарлары», кедендік декларацияның жаңа түрі, жаңа алым және тіпті нарықтың жаңа қатысушысы  – «электрондық сауда операторы» енгізілгеніне қарамастан, қарапайым азаматтар үшін сәлемдемелерді алу үдерісі айтарлықтай өзгеріске ұшырамайды.

Барлық кедендік рәсімдерді алушылардың орнына электрондық сауда операторлары орындайтын болады – бұл «Қазпошта» АҚ, DHL, FedEx және басқалары сияқты көпшілікке таныс компаниялар. Олар қажетті декларацияларды тапсырып, жеке тұлғалар атынан сәлемдемелерді рәсімдейді.

Қазақстанда электрондық сауданы кедендік реттеу жаңа тәртібін тестілеу бойынша пилоттық жоба жүргізіліп жатыр.

Жобаның мақсаты – ықтимал проблемалық мәселелерді анықтап, оларды шешу жолдарын айқындау.

Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп жобаға «Қазпошта» АҚ мен «DHL Қазақстан» ЖШС қатысуда.

Жаңа декларация түрін ұсыну жеке тұлғалардың сәлемдемелерді алу үдерісіне әсер етпегені аталып өтуде.

 

Электрондық сауда тауарларын декларациялау кезінде төленетін төлемдер

Комиссия электрондық сауда тауарлары үшін де жеке пайдалану тауарларындағы сияқты 200 еуро мөлшеріндегі бажсыз әкелу шегін сақтап қалу туралы шешім қабылдады.

Егер сатып алынған тауардың құны 200 еуродан аспаса, жеке тұлғалар кедендік баж бен салық төлеуден босатылады.

Егер тауардың құны 200 еуродан асатын болса, кедендік баж тауар құнынан 5% құрайды. Сонымен бірге,  12% мөлшерінде ҚҚС төленуге тиіс.

Қазіргі уақытта жеке пайдалану тауарлары үшін 200 еуро шегінен асқан жағдайда, құндық нормадан асқан бөлігіне бірыңғай мөлшерлеме бойынша 15% мөлшерінде (оның құрамына кедендік баж бен ҚҚС кіреді) төлем алынады, бірақ салмақтық нормадан асқан әрбір килограмм үшін кемінде
2 еуро мөлшерінде төленеді. Яғни, қазіргі уақытта мұндай тауарларға құндық бажсыз әкелу шегімен қатар салмақтық шек те қолданылады – ол 31 кг құрайды.

 

Көріп отырғанымыздай, төлемдерді төлеу тәртібінде түбегейлі өзгерістер көзделмеген, айырмашылық тек баж мөлшерінде (5% және 15%) және оның қандай құннан алынатынында (толық құннан немесе шектен асқан бөлігінен) ғана бар.

Сондай-ақ бажсыз әкелудің салмақтық шегі алынып тасталады, себебі жеке тұлғалар сатып алатын тауарлардың өте аз бөлігі ғана 31 кг салмаққа жетеді.

 «Қазпошта» АҚ мәліметтері бойынша жеке тұлғалар шетелдік интернет-платформалардан сатып алатын тауарлардың 90%-дан астамы 200 еуро шегінен аспайтынын атап өту керек.

Осылайша, жоғарыда аталған өзгерістер Қазақстандағы сатып алушылардың басым бөлігіне әсер етпейді, өйткені құны 200 еуроға дейінгі тауарлар үшін төлемдер төлеу көзделмеген.