Қазақстан Республикасының Салық кодексінде 2025 жылғы 18 шілдеде қабылданған «сән-салтанат салығы» ретінде жеке салық түрі көзделмеген. Соған қарамастан, жекелеген жеке тұлғалардың мүлкінің кейбір санаттарына салық салу нормалары бекітілген.
Атап айтқанда, келесі мүлік түрлері айқындалған:
- құны 18 000 АЕК және одан жоғары автокөліктер (сатып алынған көлік құнының 10%-ы мөлшерінде акциз есептеледі);
- құны 24 000 АЕК және одан жоғары яхталар мен ұшақтар (сатып алынған көлік құнының 10%-ы мөлшерінде акциз есептеледі);
- құны 500 000 теңгеден асатын алкоголь өнімдері (бір литрге шаққандағы теңгемен көрсетілген құнының 10%-ы мөлшерінде акциз салынады);
- құны 10 000 теңгеден асатын темекі өнімдері (сигаралар) (бір данаға теңгемен көрсетілген құнының 10%-ы мөлшерінде акциз салынады).
- жылжымайтын мүлік (пәтер, тұрғын үй және т.б.) – бір меншік иесінің атына тіркелген барлық объектілердің жиынтық құны 450 миллион теңгеден асса, онда мүлік салығы 2% мөлшерінде есептеледі.
Сонымен қатар, жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салықты есептеу мақсатында жылжымайтын мүлік құнын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Корпорация) айқындайды. Бұл ретте, Корпорация белгілеген салық салу объектілерінің құны, көбінесе, олардың нарықтық құнынан едәуір төмен.
Корпорация тұрғын үй мен саяжай құрылыстарының құнын есептегенде сән-салтанат коэффициенті ретінде 1 бірлік пайдаланылады. Алайда, жергілікті өкілді органдардың шешімімен бұл коэффициент ең көп дегенде 50%-ға дейін арттырылуы мүмкін.
Егер бір тұлғаның меншігіндегі барлық салық салу объектілерінің жиынтық құны 450 миллион теңгеден асып кетсе, онда салық мөлшері былай есептеледі: 2 946 600 теңге + 450 млн теңгеден асатын сомаға 2% мөлшерінде.
Ал, жиынтық құны көрсетілген шектен аспайтын мүлік болса, онда әр объектінің құнына жеке-жеке салық салынады.