
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіреді.
Сұрақ. Жұмыс беруші менің жалақымнан жеке табыс салығын (ЖТС) ұстап қалады. Ұсталған ЖТС-ты жұмыс беруші бюджетке қандай мерзімде аударуға міндетті және белгіленген мерзімді бұзғаны үшін қандай жауаптылық көзделген?
Түсіндірме. ҚР Салық кодексінің 440-бабына сәйкес төлем көзінен салық салынатын кірістер бойынша ЖТС-ты салық агенті (жұмыс беруші) кірісті есептеген кезде есептейді. ЖТС кіріс төленген күннен кешіктірілмей ұсталады.
Салық агенті ұсталған ЖТС-ты өз орналасқан жері бойынша кіріс төленген ай аяқталғаннан кейін жиырма бес күнтізбелік күннен кешіктірмей бюджетке аударуға міндетті (тәжірибеде — жалақы төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей).
Құрылымдық бөлімшелер қызметкерлерінің кірістері бойынша ЖТС тиісті бюджеттерге осы бөлімшелердің орналасқан жері бойынша аударылады.
Жауапкершілік. ӘҚБтК-нің 279-бабының 2-бөлігіне сәйкес салық агентінің ұсталған салық сомаларын белгіленген мерзімде аудармауы немесе толық аудармауы айыппұлға әкеп соғады:
- жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — 5 АЕК;
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 10 АЕК;
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 20 АЕК.
Салық агенті соманы өз бетінше анықтап, қосымша салық есептілігінде көрсетіп, есептілік ұсынылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей бюджетке аударса, әкімшілік жауаптылыққа тартылмайды.