
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жеке тұлғалар арасындағы жеке мақсаттар үшін мобильді аударымдар заңды болып табылатынын және оларға салық салынбайтынын хабарлайды. Бақылау күнделікті тұрмыстық операцияларға емес, тауарлар мен қызметтер үшін төлемді жеке шоттарға жүйелі түрде қабылдау арқылы тіркелмеген кәсіпкерлік қызметті анықтауға бағытталған.
Мобильді аударымдардың өзіне салық салына ма?
Жоқ. Салық салу объектісі — жеке тұлғаның табысы, оны алу тәсілі емес. Егер аударым жеке сипатта болса — туыстарға көмек, туған күнге немесе үйлену тойына сыйлық, қарызды қайтару, мектеп қажеттіліктеріне жинау, ортақ шығындарды өтеу — мұндай түсімдер табыс деп танылмайды және оларға салық салынбайды.
Банктер мемлекеттік кірістер органдарына қандай жағдайда мәлімет береді?
Банктер мәліметті тек барлық шарттар бір мезгілде орындалған кезде ғана ұсынады: жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметке арналмаған банктік шотына қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысында жүз және одан да көп әртүрлі тұлғадан ақша түссе және осы кезеңдегі түсімдердің жалпы сомасы ең төменгі жалақының он екі еселенген мөлшерінен асса. 2026 жылы бұл шек 1 020 000 теңгені құрайды.
Егер шарттардың ең болмағанда біреуі орындалмаса — үш айдың бірінде жіберушілер саны жүзден аз болса немесе жалпы сома белгіленген шектен аспаса — мәлімет салық органдарына берілмейді.
Туыстар мен достардан келген аударымдар тексеріле ме?
Жоқ. Отбасы мүшелері, жақын туыстар, достар мен әріптестер арасындағы аударымдар, сондай-ақ сыйлықтар мен жеке сипаттағы көмек жеке тұлғаның өз бетінше салық салынатын табыстарының тізбесіне кірмейді. Мұндай аударымдардың тұрақтылығының өзі бақылауға негіз болмайды.
Хабарлама келсе не істеу керек?
Банктің мәлімет беруі салықтың немесе айыппұлдың автоматты түрде есептелуін білдірмейді. Мемлекеттік кірістер органы камералдық бақылау жүргізіп, хабарлама жібереді. Азаматтың түсімдердің сипаты туралы түсініктеме беруге не, егер табыс кәсіпкерлік қызметке байланысты болса, бұзушылықты жоюға — табысты көрсетуге, салық пен әлеуметтік төлемдерді төлеуге не жеке кәсіпкер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде тіркелуге 30 жұмыс күні бар.
Аударымдар қашан кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс деп танылуы мүмкін?
Егер түсімдер жүйелі сипатта болса және тауарлар, жұмыстар немесе қызметтер үшін төлем болып табылса. Мұндай жағдайда төлемді кәсіпкерлік қызметке арналған шоттарға қабылдау және заңда көзделген есеп айырысуды тіркеу тәсілдерін қолдану ұсынылады.
Тіркеусіз кәсіпкерлік қызметпен айналысу әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Бақылаудың мақсаты — азаматты тұрмыстық аударымдар үшін жазалау емес, бизнесті ашық жүргізетіндер үшін тең жағдайды қамтамасыз ету.
Картаға түскен барлық қаражатты декларациялау керек пе?
Жоқ. Декларациялауға Салық кодексі бойынша жеке тұлғаның өз бетінше салық салынатын табыстарына жататын кірістер ғана жатады. Жеке аударымдар, сыйлықтар және туыстардың көмегі мұндай табысқа жатпайды.
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтарды жеке аударымдарды кәсіпкерлік табыспен шатастырмауға және қызмет коммерциялық сипатта болса, оны уақтылы ресімдеуге шақырады.