
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жеке тұлғалардың мүлік салығын есептеу мен төлеу тәртібін, салық төлеуші болып табылмайтын (немесе белгіленген мөлшер шегінде жеңілдігі бар) санаттарды, сондай-ақ есептеудегі алшақтықтар кезіндегі іс-қимыл тәртібін түсіндіреді.
Жеке тұлғалардың мүлік салығын мемлекеттік кірістер органдары салық салу объектісінің орналасқан жері бойынша есептейді. Тұрғын үйлер, ғимараттар, саяжай құрылыстары, гараждар, тұрақ орындары және өзге құрылыстар бойынша салық базасы — объектінің құны (шекті мөлшерден асқан жағдайда — объектілердің жиынтық құны).
Мөлшерлеме объектінің құнына байланысты: құны неғұрлым жоғары болса, қолданылатын мөлшерлеме соғұрлым жоғары (прогрессивті шкала). 2026 жылдан бастап объектілердің жиынтық құнының шекті мөлшерінен асқан жағдайда есептеудің жеке тәртібі қолданылады.
Салық есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 1 шілдесінен кешіктірілмей есептеледі және сол жылдың 1 қазанынан кешіктірілмей төленуге тиіс.
Салық белгіленген мерзімде төленбесе, төлеу мерзімінен кейінгі күннен бастап (1 қазаннан кейін) әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі.
Берешек пайда болған жағдайда салық төлеушіге хабарлама жіберіледі. Хабарламаны орындауға 30 жұмыс күні беріледі. Берешек сомасы 1 АЕК-тен асса, борышкерге салық бұйрығы жіберіледі.
Салық бұйрығын алғаннан кейін де төленбесе, құжаттар сот орындаушыларына жіберіледі. Банк шоттары мен мүлікті арестке алуды қоса алғанда, мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін.
2026 жылы 1 АЕК — 4 325 теңге.
Жеке тұлғалардың мүлік салығының төлеушілері болып табылмайды (ҚР Салық кодексінің 597-бабында белгіленген шектеулерді ескере отырып):
Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған адамдар, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордені мен «Отан» орденінің иегерлері — Салық кодексінің 599-бабы 1) тармақшасында көрсетілген объектілердің жалпы құнынан 1 000 АЕК (2026 жылы 4 325 000 теңге) шегінде;
Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға жеңілдіктері бойынша теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар — тұрғын үй қоры алып жатқан жер учаскелері, үй маңындағы учаскелер, жеке қосалқы шаруашылық, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін берілген учаскелер, гараждар алып жатқан учаскелер бойынша; сондай-ақ 599-баптың 1) тармақшасындағы объектілердің жалпы құнынан 1 500 АЕК (2026 жылы 6 487 500 теңге) шегінде;
жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар — 18 жасқа толғанға дейін көрсетілген жер учаскелері мен салық салу объектілері бойынша;
бала кезінен мүгедектігі бар адамның не мүгедектігі бар баланың ата-анасының біреуі — көрсетілген жер учаскелері бойынша;
«Ана-батыр» атағына ие немесе «Алтын алқа» алқасымен марапатталған көпбалалы аналар, сондай-ақ бөлек тұратын зейнеткерлер — тұрғын үй қоры алып жатқан жер учаскелері мен үй маңындағы учаскелер бойынша; сондай-ақ 599-баптың 1) тармақшасындағы объектілердің жалпы құнынан 1 000 АЕК шегінде. Бөлек тұратын зейнеткерлер деп заңды мекенжайында тек зейнеткерлер тіркелген зейнеткерлер түсініледі;
жеке кәсіпкерлер — кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын объектілер бойынша (мемлекеттік кірістер органдары салықты есептейтін тұрғын үйлер мен өзге объектілерді қоспағанда);
пәтердің (бөлменің) меншік иесі жеке тұлғалар — көпқабатты тұрғын үй алып жатқан жер учаскесіндегі үлесі бойынша.
Жеңілдікті санаттар туралы мәліметтерді уәкілетті органдар жыл сайын ұсынады және салықты есептеу кезінде ескеріледі. Жеңілдік қолданылмаса, растайтын құжаттармен мемлекеттік кірістер органына жүгіну қажет.
Салық Қазақстан Республикасының аумағындағы тұрғын үйлердің, пәтерлердің, саяжай құрылыстарының, гараждардың, тұрақ орындарының және өзге салық салу объектілерінің меншік иесі болып табылатын жеке тұлғаларға есептеледі. Негізі — объектке меншік құқығы.
Соманың өсуі объектінің құнының, алаңының немесе өзге сипаттамаларының өзгеруіне, объект туралы мәліметтердің өзектендірілуіне, сондай-ақ Салық кодексінде көзделген есептік көрсеткіштер мен мөлшерлемелердің өзгеруіне байланысты болуы мүмкін.
Жекелеген жағдайларда жеңілдікті санат туралы мәліметтер ақпараттық жүйелерде болмауы немесе есептеу кезінде ескерілмеуі мүмкін. Объектінің орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер органына жүгініп, жеңілдік құқығын растайтын құжаттарды ұсыну қажет.
Салық объектті нақты иелену кезеңі ескеріле отырып есептеледі. Меншік құқығының тоқтатылғаны туралы мәліметтер түспесе не ескерілмесе, тексеру және түзету үшін мемлекеттік кірістер органына жүгіну қажет.
Мұндай жағдай меншік иелері туралы мәліметтердегі алшақтықтарда не меншік құқығы өзгергенде туындауы мүмкін. Мәліметтерді тексеру және түзету үшін мемлекеттік кірістер органына жүгіну керек.
Салық салу объектісінің орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер органына жүгініп, түзету қажеттігін растайтын құжаттарды (құқық белгілейтін құжаттар, жеңілдік туралы мәліметтер, сатып алу-сату шарттары және т.б.) ұсыну қажет.
Есептеулерді e-Salyq Azamat мобильді қосымшасында, kgd.gov.kz порталында, екінші деңгейлі банктер мен төлем сервистері арқылы тексеруге және төлеуге болады.