
2026 жылғы 9–10 шілде аралығында Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің базасында Мемлекеттік кірістер комитетінің Оқу-әдістемелік орталығы «Schmitt & Orlov Intellectual Property» компаниясымен бірлесіп «Контрафактілік өнімдерді айқындау және анықтау бойынша практикалық тәжірибе» тақырыбында күндізгі оқу семинарын өткізді.
Семинарға кедендік әкімшілендіру басқармасы мен кеден бекеттерінің кедендік бақылауды жүзеге асыру және зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласында қызмет атқаратын қызметкерлері қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу кезінде контрафактілік өнімдерді анықтау бойынша практикалық дағдыларды жетілдіру. Оқу барысында қатысушылар контрафактілік өнімдердің белгілерін айқындаудың заманауи тәсілдерін меңгеріп, түпнұсқа брендтік өнімдердің ерекшеліктерімен танысты және нақты тауар үлгілері негізінде алған білімдерін тәжірибеде бекітті.
Семинарда Оқу-әдістемелік орталығының Біліктілікті арттыру және кәсіби даярлау бөлімінің басшысы Айгелов Асылхан және «Schmitt & Orlov Intellectual Property» компаниясының өкілі, халықаралық заңгер Иманғалиева Рената дәріс оқыды.
Осындай оқу семинарларын өткізу мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігін дамытуға, контрафактілік өнімдерді анықтау тиімділігін арттыруға және Қазақстан Республикасында зияткерлік меншік құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуға ықпал етеді.