
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтарды телефон арқылы жасалатын алаяқтық фактілерінің жиілеп кеткені туралы ескертеді.
Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтар азаматтардың жеке деректерін түрлі сылтаулармен иемденуге әрекет жасауда. Олар ресми хаттың келіп түскені туралы жалған ақпарат хабарлап немесе құжаттарды пошта не курьерлік қызмет арқылы алу қажет екенін айтып, сенімге кіруге тырысады.
Әңгімелесу барысында алаяқтар 1414 нөмірінен келетін SMS-кодтарды, растау кодтарын, құпиясөздерді, банк карталарының деректемелерін және басқа да құпия ақпаратты хабарлауды сұрауы мүмкін.
Есте сақтаңыз: Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері ешқашан құпия сөздерді, банк карталарының деректемелерін немесе өзге де жеке деректерді сұрамайды.
Егер сізге осындай қоңырау шалынса:
- SMS-кодтарды және жеке деректеріңізді хабарламаңыз;
- хабарламалардағы сілтемелерге өтпеңіз;
- белгісіз қосымшаларды орнатпаңыз;
- әңгімені дереу тоқтатыңыз;
- қажет болған жағдайда Мемлекеттік кірістер департаментіне тек ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласыңыз.
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтарды қырағылық сақтауға, мұндай алаяқтық тәсілдері туралы туған-туыстары мен жақындарын алдын ала ескертуге және тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырады. Ақпараттың дұрыстығын тексеруге жұмсалған бірнеше минут сіздің жеке деректеріңіз бен қаржы қаражатыңызды қорғауға көмектеседі.