
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2026 жылдың I тоқсаны бойынша банк операцияларын талдау нәтижесінде кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері анықталған жеке тұлғаларға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында ақпараттық хаттар жолданғанын хабарлайды.
Ақпараттық хаттар бір мезгілде келесі белгілер анықталған азаматтарға жолданады:
- қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысында жеке банк шотына 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан ақша қаражатының түсуі;
- банк шоты кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған;
- көрсетілген кезеңдегі түсімдердің жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) асуы.
Ақпараттық хатты алу жауапкершілікке тарту шарасы болып табылмайды және азаматтың жауапкершілікке тартылғанын білдірмейді. Оның мақсаты – азаматтарды кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың ықтимал белгілері туралы хабардар ету және өз қызметін салық заңнамасының талаптарына сәйкес келтіруге мүмкіндік беру.
Егер азамат іс жүзінде кәсіпкерлік қызметпен айналысатын болса, алынған табыстарды заңдастыру үшін келесі шараларды уақытылы қабылдау ұсынылады:
- жеке кәсіпкер ретінде тіркелу (егер тіркелмеген болса);
- алынған табыстарды тиісті салық есептілігінде көрсету;
- салық міндеттемелерін уақытылы орындау.
Салықтық мәртебесіне байланысты табыстар төмендегідей көрсетілуге тиіс.
Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғалар үшін, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимін қолданатын тұлғалар үшін (арнайы мобильді қосымшада чектер қалыптастырылмаған табыстар бөлігі бойынша) табыс 2026 жылға арналған 270.00-нысан бойынша Кірістер мен мүлік туралы декларацияда көрсетіледі. Декларацияны 2027 жылғы 1 қаңтар мен 15 қыркүйек аралығында тапсыру қажет, ал жеке табыс салығын 2027 жылғы 25 қыркүйектен кешіктірмей төлеу керек.
Жеке кәсіпкерлер үшін:
- жалпыға бірдей белгіленген режимді қолданған жағдайда табыс 2026 жылға арналған кәсіпкерлік қызмет бойынша жеке табыс салығы декларациясында (220.00-нысан) көрсетіледі. Декларацияны тапсыру мерзімі – 2027 жылғы 1 қаңтардан 31 наурызға дейін, салықты төлеу мерзімі – 2027 жылғы 10 сәуірге дейін;
- оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданған жағдайда табыс 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған 910.00-нысан бойынша декларацияда көрсетіледі. Декларацияны 2026 жылғы 1 шілде мен 15 тамыз аралығында тапсыру қажет, ал салықты 2026 жылғы 25 тамызға дейін төлеу керек.
Егер қызмет кәсіпкерлік сипатта болмаса немесе азаматтардың алынған ақпараттық хатқа қатысты сұрақтары туындаса, түсіндірме алу үшін 1414 байланыс орталығына немесе мемлекеттік кірістер органдарына жүгіну ұсынылады.
Мемлекеттік кірістер департаменті салық міндеттемелерін уақытылы орындауға кеңес береді. Бұл салықтық әкімшілендірудің кейінгі шараларын қолдануға жол бермейді. Салық міндеттемелері орындалмаған жағдайда салық төлеушіге камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған сәйкессіздіктер туралы хабарлама жолданатын болады.