Жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелу ережелері: азаматтар үшін маңызды ақпарат

Жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелу ережелері: азаматтар үшін маңызды ақпарат

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кедендік реттеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу тәртібі туралы азаматтардың жиі өтініштеріне байланысты жеке пайдалануға арналған тауарлар туралы өзекті ақпаратты сіздің назарыңызға жеткіземіз.

Жеке пайдалануға арналған тауарларға жеке, отбасылық немесе тұрмыстық қажеттіліктер үшін арналған және кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес заттар жатады. Тауарлардың мақсатын айқындау кезінде кеден органдары олардың сипатына, санына, шекара арқылы өткізу жиілігіне және азаматтың өзі көрсеткен мәліметтерге назар аударады.

Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке тұлғалар әкелетін жеке пайдалануға арналған тауарлар оларды жатқызу өлшем шарттары мен әкелу тәсіліне байланысты Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы № 107 шешімімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 250 бұйрығымен реттеледі.

Осылайша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеке тұлғалар әуе көлігімен құны 10000 еуродан және салмағы 50 кг-нан аспайтын тауарларды бажсыз әкеле алады. Көліктің өзге түрлерімен немесе жаяу өткен кезде құны 500 еуродан және салмағы 25 кг-нан аспайтын тауарларды бажсыз әкелуге рұқсат етіледі. Белгіленген нормалардан асқан жағдайда тауар құнының 30%-ы мөлшерінде, бірақ артық салмақтың әр килограмына кемінде 4 еуро есебімен кедендік төлемдер төленеді.

Халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы жіберілетін және тасымалдаушы жеткізетін жеке пайдалануға арналған тауарлардың құны 200 еуродан және салмағы 31 кг-нан аспауы тиіс. Белгіленген нормалардан асқан жағдайда артық бөлігінен құнының 15%-ы мөлшерінде, бірақ әр килограмына кемінде 2 еуро мөлшерінде жиынтық кедендік төлем төленеді.

Басқаша айтқанда, Қазақстанға тауарларды әкелу кезінде олардың құнына, салмағына және санына қатысты белгіленген шектеулерді сақтау, сондай-ақ олардың жеке пайдалануға арналғанын растауға дайын болу қажет. Әйтпесе, мұндай тауарлар кәсіпкерлік қызметке арналған тауарлар ретінде танылып, жалпы кедендік тәртіппен ресімделуі мүмкін.

Жеке пайдалануға арналған тауарларды ресімдеу үшін жолаушылар кедендік декларациясы пайдаланылады. Оны тіркеу және қабылдау кеден органдарымен тегін жүзеге асырылады.