Салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, өсімпұлдар мен айыппұлдардың артық және қате төленген сомаларын есепке жатқызу және қайтару тәртібі туралы

Салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, өсімпұлдар мен айыппұлдардың артық және қате төленген сомаларын есепке жатқызу және қайтару тәртібі туралы

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерге салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, өсімпұлдар мен айыппұлдардың артық және қате төленген сомаларын есепке жатқызу және қайтару тәртібі туралы хабарлайды.

Қазақстан Республикасының Салық кодексінің («Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекс) 10-тарауының 1-параграфына сәйкес, салық төлеушілер артық төленген салықтар, бюджетке төленетін төлемдер және өсімпұлдар сомаларын есепке жатқызуға немесе қайтаруға құқылы.

 

Артық төленген сома дегеніміз не?

 

Салық кодексінің 120-бабына сәйкес, артық төленген салық, бюджетке төленетін төлем немесе өсімпұл сомасы – белгілі бір салық түрі, бюджетке төленетін төлем немесе өсімпұл бойынша төленген сома мен есептелген сома арасындағы оң айырма, сондай-ақ басқа салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және өсімпұлдарды төлеу есебіне жатқызылған және салық төлеушіге қайтарылған сомаларды ескере отырып, есепке жатқызу және (немесе) қайтару жүргізілген күнгі айырма болып табылады.

 

Қандай жағдайларда есепке жатқызу жүргізіледі?

 

Салық төлеушінің салықтық өтініші негізінде артық төленген салық, бюджетке төленетін төлем және өсімпұл сомалары: Салық төлеушінің және (немесе) оның құрылымдық бөлімшесінің салықтық берешегі болмаған жағдайда, өтініште көрсетілген тиісті салық түрі немесе бюджетке төленетін төлем бойынша алдағы төлемдер есебіне; Өтініште көрсетілген тиісті салық түрі немесе бюджетке төленетін төлем бойынша салықтық берешекті өтеу есебіне; заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі болып табылатын салық төлеуші үшін – осындай заңды тұлғаның салықтық берешегін өтеу есебіне есепке жатқызылады.

 

Ақшалай қаражатты есепке жатқызу немесе қайтару қалай рәсімделеді?

 

Есепке жатқызу немесе қайтару салық төлеушінің салықтық өтініші негізінде жүзеге асырылады. Өтініш электрондық түрде: «Салық төлеушінің кабинеті» веб-қосымшасы арқылы; «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz) арқылы; e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы; жеке тұлғалар үшін салық әмияны арқылы; немесе төлем жасалған жердегі мемлекеттік кірістер органына ұсынылады. Қайтаруға жататын салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің (қайтарылмайтын төлемдерді қоспағанда), өсімпұлдар мен айыппұлдардың артық төленген сомаларын қайтару салық органы тарапынан өтініште көрсетілген салық төлеушінің банктік шотына аудару жолымен жүзеге асырылады.

 

Есепке жатқызу және қайтару мерзімдері

 

Артық немесе қате төленген салық, бюджетке төленетін төлем, айыппұл және өсімпұл сомаларын есепке жатқызу немесе қайтару салық төлеушінің салықтық өтініші келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Есепке жатқызу және (немесе) қайтару тәртібі мен мерзімдері Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 28 қазандағы №637 бұйрығымен бекітілген «Салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шоттарын жүргізу қағидаларымен» регламенттеледі.

 

Мемлекеттік баждың төленген сомаларын қайтару ерекшеліктері

 

Артық төленген мемлекеттік баж сомасы оны бюджетке төлеген күннен бастап үш жыл ішінде қайтаруға арналған құжат ұсынылған жағдайда қайтарылады. Мемлекеттік бажды қайтару мемлекеттік органның мемлекеттік баждың төленген жері бойынша оны қайтару құқығын растайтын тиісті құжаты негізінде салықтық өтініш бойынша жүзеге асырылады. Мемлекеттік бажды қайтару негіздері Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 120-бабымен айқындалған.

Салық төлеушілерге ұсыныстар Мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушілерге: дербес шот бойынша салыстыру жұмыстарын тұрақты жүргізуді; салықтар мен төлемдер бойынша деректемелердің дұрыстығын бақылауды; артық төлемдерді есепке жатқызу немесе қайтару туралы өтініштерді уақытылы беруді; мемлекеттік қызметтерді жедел алу үшін электрондық сервистерді пайдалануды ұсынады.

Назар аударыңыз, салық төлеушілер! Артық төленген сомаларды есепке жатқызу немесе қайтару мәселелері туындаған жағдайда, тіркелген жеріңіз бойынша мемлекеттік кірістер органдарына жүгіне аласыз немесе Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің электрондық сервистерін пайдалана аласыз. Бюджетпен есеп айырысуларды уақтылы салыстырып отыру артық төлемдердің пайда болуын болдырмауға және салық міндеттемелерінің дұрыс орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Әлия Асенова, Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Дербес шоттарды есепке алу және жүргізу бөлімінің бас маманы