Салық төлеу бойынша кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі енгізілді

Салық төлеу бойынша кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі енгізілді

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтар, бюджетке төленетін төлемдер және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі енгізілгенін хабарлайды. Бұл ретте берешек сомасы 1500 Айлық есептік көрсеткіштен аспаған жағдайда, 12 айға дейінгі мерзімге мүліктік кепіл немесе банк кепілдігін ұсыну талап етілмейді.

Мерзімді ұзарту мүмкіндігін алу үшін салық төлеуші берешекті өтеу кестесін қоса бере отырып, тиісті өтінішті дербес түрде ұсынуы қажет.

Берешек сомасы 1500 Айлық есептік көрсеткіштен асқан және төлем мерзімін 12 айдан артық уақытқа ұзарту қажет болған жағдайда, салық міндеттемесін орындау мерзімін ай сайынғы немесе тоқсан сайынғы төлемдермен 3 жылға дейін өзгертуге болады. Бұл жағдайда өтімді мүлік кепілі немесе банк кепілдігі түріндегі қамтамасыз ету міндетті болып табылады.

Төмендегі төлем түрлері бойынша салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгертуге жол берілмейді:

- төлем көзінен ұсталатын салықтар;

- акциздер;

- Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден импортталатын тауарлар бойынша ҚҚС;

- айыппұл сомалары.

Кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді алу мәселелері бойынша тіркеу орны бойынша Мемлекеттік кірістер органдарына жүгінуді ұсынамыз.