Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті еске салады: шетелге демалысқа баратын азаматтар үшін кедендік ережелер

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті еске салады: шетелге демалысқа баратын азаматтар үшін кедендік ережелер

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті демалыс маусымы алдында өңір тұрғындарының назарын Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шығу кезіндегі қолданыстағы кедендік ережелерге аударады.

Негізгі шектеу — қолма-қол ақша алып шығуға қатысты:

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы № 830 Жарлығына сәйкес елден 10 000 (он мың) АҚШ долларының эквивалентінен асатын сомадағы қолма-қол шетел валютасын және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын алып шығаруға тыйым салынады.

Сома Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алып шығару күніндегі ресми бағамы бойынша есептеледі. Лимит әрбір жеке тұлғаға бөлек қолданылады, оның ішінде кәмелетке толмаған балаларға да. Отбасымен сапарға шыққан кезде әрбір отбасы мүшесіне қолма-қол 10 000 АҚШ долларының эквивалентінен аспайтын сома алып шығуға рұқсат етіледі.

Маңызды: Жолаушының кедендік декларациясын толтырғанның өзінде көрсетілген лимиттен асатын соманы алып шығаруға болмайды. Ережені бұзған жағдайда артық ақша қаражаты кеден органдарымен тәркіленеді.

Қолма-қол қаражатты декларациялау:

Қазақстан Республикасының «Кедендік реттеу туралы» Кодексіне (343-баптың 1-тармағының 7-тармақшасы) сәйкес қолма-қол ақша және туристік чектер Евразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан бір мезгілде алып шығу кезінде олардың жалпы сомасы 10 000 АҚШ долларының эквивалентінен асса, жазбаша кедендік декларациялауға жатады.

Алайда Президенттің № 830 Жарлығының күшіне байланысты лимиттен тыс соманы декларациялағанның өзінде алып шығаруға тыйым салынған.

Департаменттің ұсыныстары:

  • Шетелде жайлы демалыс үшін халықаралық төлем жүйелерінің банк карталарын немесе қолма-қол ақшасыз аударымдарды пайдалану ұсынылады.
  • Сапар алдында ҚР Ұлттық Банкінің валюта бағамын тексеріңіз.
  • Баратын еліңіздің кедендік ережелерімен танысыңыз (алкоголь, темекі, тамақ өнімдері, дәрі-дәрмек және басқа тауарларды әкелуге шектеулер).
  • Жеке заттар, киім, техника және жеке пайдалануға арналған заттар шектеусіз алып шығарылады (ақылға қонымды мөлшерде, коммерциялық мақсатта емес).

Алып шығаруға тыйым салынған немесе шектелген заттар:

  • Мәдени құндылықтар, антиквариат — тек тиісті рұқсат болған жағдайда.
  • Қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар — тек арнайы рұқсатпен.
  • Сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер түрлері, олардан жасалған бұйымдар — CITES рұқсат құжаттарынсыз.
  • Үлкен көлемдегі дәрі-дәрмектер — дәрігердің рецепті немесе анықтамасы болғаны жөн.

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті облыс тұрғындарына жағымды және қауіпсіз демалыс тілейді!

 

Руфат Ерғалиев, Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Тәжен» кеден бекетінің басшысы