
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті автокөлік иелеріне көлік құралдарына салынатын салықты төлеу қажеттігін ескертеді.
2026 жылдың басында өңір тұрғындарына 2025 жылғы көлік салығы 186 мың автокөлік бойынша есептелді. Жалпы есептелген сома 5,8 млрд теңгені құрады.
Бүгінгі күнге дейін 36,6 мың жеке тұлға салықтық міндеттемесін орындамаған. Олардың есебінде 64,0 мың автокөлік бойынша 2 млрд теңгеден астам қарыз бар.
2025 жылғы көлік салығын ерікті түрде төлеу мерзімі 2026 жылдың 1 сәуірінде аяқталды. 2 сәуірден бастап әр кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі — Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде.
Департамент ескертеді: салықтық міндеттемелерді одан әрі елемеу мәжбүрлеп өндіріп алу шараларына әкеледі. Қарыз сомасы 1 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіштен) асқан жағдайда борышкерге салықтық бұйрық жіберіледі. Бұйрық табыс етілгеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде қарыз өтелмесе, материалдар жеке сот орындаушыларына (ЖСО) жолданады.
Төлемеушілерге қатысты келесі шаралар қолданылуы мүмкін:
- банк шоттары мен мүлкін арестке қою;
- мүлікке билік ету құқығын шектеу;
- қарыз сомасы 40 АЕК-тен асқан жағдайда — Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығуға уақытша тыйым салу;
- сот орындаушысының қызметіне жұмсалған шығындарды өндіріп алу (қарыз сомасының 25%-ына дейін).
Нәтижесінде төленуге тиіс сома өсімпұл мен атқару шығындары есебінен едәуір артады.
Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті автокөлік иелерін қарыздың бар-жоғын тексеріп, салықты мүмкіндігінше тезірек төлеуге шақырады. Есептелген соманы білуге болады:
- kgd.gov.kz порталындағы жеке кабинетте («Жеке тұлғалар үшін алдағы төлемдер» қызметі);
- екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында;
- eGov мобильді қосымшасы арқылы.
Салықты уақытылы төлеу — бұл азаматтық борышты орындау ғана емес, қосымша қаржылық шығындар мен шектеулерден құтылудың тиімді жолы.