
Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес, салықтық құқықтық қатынастарда салық төлеушінің мүдделерін заңды өкілдер және уәкілетті өкілдер білдіре алады.
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 39-бабына сәйкес, жеке тұлғаның заңды өкілі – Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке тұлғаның атынан әрекет етуге уәкілетті тұлға.
Жеке тұлғаның атынан заңды өкіл жасаған әрекеттер (немесе әрекетсіздік) сол жеке тұлғаның өз әрекеттері (немесе әрекетсіздігі) ретінде танылады.
Ал, Салық кодексінің 40-бабына сәйкес, салық төлеушінің (салық агентінің) уәкілетті өкілі – салық органдарымен және осы Кодекспен реттелетін қатынастардың басқа қатысушыларымен өзара қатынастарда салық төлеушінің мүдделерін білдіруге уәкілетті тұлға.
Жеке тұлғалар, оның ішінде дара кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалар үшін уәкілетті өкіл нотариалды куәландырылған немесе соған теңестірілген сенімхат негізінде әрекет етеді.
Заңды тұлғалар немесе олардың құрылымдық бөлімшелері үшін өкіл құрылтай құжаттары және (немесе) сенімхат негізінде әрекет етеді, онда өкілдің тиісті өкілеттіктері көрсетіледі.
Сонымен қатар, салық төлеуші уәкілетті өкілді салық органдарының ақпараттық жүйелері арқылы электрондық құжат рәсімдеу жолымен тағайындай алады.
Салық төлеушінің (салық агентінің) атынан уәкілетті өкіл жасаған әрекеттер немесе әрекетсіздік салық төлеушінің (салық агентінің) әрекеттері немесе әрекетсіздігі ретінде танылады.