Бақылау-касса машиналарының фискалдық чектері бойынша сыйақылар төлеу жөніндегі «Salyq кэшбэк» пилоттық жобасын ұзарту туралы

Бақылау-касса машиналарының фискалдық чектері бойынша сыйақылар төлеу жөніндегі «Salyq кэшбэк» пилоттық жобасын ұзарту туралы

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Salyq кэшбэк» пилоттық жобасын 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ұзартылатыны туралы хабарлайды. Жоба микро және шағын бизнес субъектілері берген бақылау-касса машиналарының фискалдық чектері бойынша сыйақы төлеуге бағытталған.

2025 жылы «Salyq кэшбэк» жобасы оң нәтиже көрсетті, сканерленген чектер саны 26%-ға өсті, ал олардың жалпы сомасы өткен жылмен салыстырғанда 32%-ға өсті. Жоба 12 облыстың 48 ауданында: Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, сондай-ақ Жетісу және Ұлытау облыстарында іске асырылды.

Анықтама үшін: ел бойынша 2025 жылы жалпы сомасы 7,6 млрд теңгеге 573 937 чек сканерленді. Есептелген кэшбэк сомасы 152 млн теңгені құрады.

«Salyq кэшбэк» жобасына кез келген адам қатыса алады. Ол үшін тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу кезінде (қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз тәсілмен де) фискалдық чек алу, «Amian» арнайы мобильді қосымшасындағы чектен штрих-кодты сканерлеу және сатып алу сомасының 2% мөлшерінде сыйақы алу қажет.

Сыйақылар «IT Analytics» ЖШС операторы арқылы «Amian» мобильді қосымшасын пайдалана отырып есептеледі.

«Amian» қосымшасын App Store және Google Play-да тегін жүктеуге болады.

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтарды тұтынушылық құқықтарын қорғау мақсатында бақылау-кассалық машиналардың чектерін талап етуге шақырады.