
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Ақтау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері қала әкімдігі және полиция басқармасымен бірлесіп көлік салығы бойынша берешегі бар азаматтарға қатысты рейдтік іс-шара өткізгенін хабарлайды.
Шара барысында көлік құралдарына қойылған шектеулер тексеріліп, салықтық берешегі бар автокөліктер айыппұл тұрағына жеткізілді. Заң талаптарына сәйкес, салық міндеттемелерін орындамаған көлік иелеріне қатысты тиісті әкімшілік шаралар қолданылып жатыр.
Аталған жұмыстардың басты мақсаты – азаматтардың салық төлеу мәдениетін арттырып, мемлекет бюджетінің кіріс бөлігін толықтыру.
Бүгінгі таңда Ақтау қаласында 9606 тұрғынның жалпы сомасы шамамен 700 миллион теңгені құрайтын көлік салығы бойынша берешегі бар. Бұл тұлғаларға қатысты салық берешегін өндіру туралы қаулылар шығарылып, материалдар жеке сот орындаушыларына жолданған.
Рейдтік іс-шаралар тұрақты негізде өткізілетін болады.