Ақтау әуежайында шетел валютасын заңсыз әкету әрекеттері тоқтатылды

Ақтау әуежайында шетел валютасын заңсыз әкету әрекеттері тоқтатылды

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Ауежай-Ақтау» кеден бекетінің қызметкерлері ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп «Ақтау – Тбилиси» халықаралық әуе рейсі бойынша Ақтау халықаралық әуежайында кедендік бақылау жүргізу барысында К. есімді жолаушыдан 28 100 АҚШ доллары көлемінде қолма-қол шетел валютасы анықталды. Кедендік рәсімдеу барысында азамат К. қолма-қол шетел валютасын декларациялаудың қажеті жоқ деп ауызша мәлімдеген.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен азамат К. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 551-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 2 276 753,75 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, 18 100 АҚШ доллары мемлекет кірісіне тәркіленіп, 10 000 АҚШ доллары сот қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін иесіне – азамат К.-ға қайтарылатын болды.

Сондай-ақ, Ақтау халықаралық әуежайында «Ақтау – Кутаиси» рейсімен ұшуға ниеттенген 1991 жылы туған Қазақстан Республикасының азаматының жолаушыларға кедендік бақылау жүргізу кезінде 12 500 АҚШ доллары көлемінде жасырын қолма-қол ақша анықталды. Аталған факті бойынша әкімшілік материал сотқа жолданды.

 

Қазақстан Республикасынан шетел валютасын әкету кезінде нені білу қажет?

 

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлайды: «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодекстің 343-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес, ЕАЭО кедендік аумағына біржолғы әкелу немесе ЕАЭО кедендік аумағынан біржолғы әкету кезінде қолма-қол ақша мен жол чектерінің жалпы сомасы 10 000 (он мың) АҚШ долларынан асатын жағдайда оларды кедендік декларациялау талап етіледі (декларация тапсыру күніне қолданылатын валюта бағамы бойынша есептеледі).

Алайда, елдің ұлттық мүдделерін қорғау және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылғы 14 наурыздағы ҚР Президентінің №830 Жарлығына сәйкес, қолма-қол шетел валютасын және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын Қазақстан Республикасынан 10 000 (он мың) АҚШ долларынан асатын сомада (Ұлттық Банктің валюталық бағамы бойынша) әкетуге тыйым салынған.

Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2019 жылғы 23 шілдедегі №124 «Жеке пайдалану үшін арналған тауарларды кедендік декларациялау туралы» шешіміне сәйкес, 16 жасқа толмаған адамдардың жеке пайдалануға арналған тауарлары туралы мәліметтер оларды алып жүретін адамның тауарларымен бірге бір жолаушылар кедендік декларациясында көрсетіледі.

Осылайша, әрбір отбасы мүшесіне 10 000 (он мың) АҚШ долларынан аспайтын көлемде шетел валютасын алып өтуге рұқсат етіледі.