2026 жылдан бастап Қазақстанда салықтық шегерімдердің жаңартылған жүйесі енгізілді

2026 жылдан бастап Қазақстанда салықтық шегерімдердің жаңартылған жүйесі енгізілді

2026 жылдан бастап Қазақстанда салықтық шегерімдердің жаңартылған жүйесі енгізілді
2026 жылдан бастап Қазақстан Республикасында жеке табыс салығы бойынша салықтық шегерімдердің жаңартылған жүйесі қолданысқа енгізілді. Бұл өзгерістер азаматтарға салық салынатын табысты азайтуға мүмкіндік береді.
Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеке тұлғалар жеке табыс салығын есептеу кезінде бірқатар салықтық шегерімдерді қолдануға құқылы.
Атап айтқанда, келесі шегерім түрлері көзделген:
– әлеуметтік төлемдер бойынша салықтық шегерім;
– базалық салықтық шегерім;
– әлеуметтік салықтық шегерімдер.
Әлеуметтік төлемдер бойынша салықтық шегерімге міндетті зейнетақы жарналары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар, сондай-ақ азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жеке тұлғалардың табыстарынан ұсталатын әлеуметтік аударымдар жатады.
Базалық салықтық шегерім ай сайын 30 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды. Жылдық мәнде бұл шегерімнің мөлшері 360 АЕК-тен аспауға тиіс.
Әлеуметтік салықтық шегерімдер мынадай санаттағы тұлғаларға беріледі:
– I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға – жылына 5 000 АЕК-ке дейін;
– III топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларға, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және оларға теңестірілген тұлғаларға, сондай-ақ соғыс жылдарындағы еңбегі мен қызметі үшін КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – жылына 882 АЕК;
– мүгедектігі бар балалары бар ата-аналарға, қамқоршыларға, қорғаншыларға, асырап алушыларға және қабылдаушы ата-аналарға – белгіленген жасқа және қамқорлық мерзіміне дейін жылына 882 АЕК.
Сонымен қатар, шегерімдер білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау ұйымдарының қамқоршылық және қорғаншылық функцияларын еңбек қатынастары шеңберінде жүзеге асыратын қызметкерлеріне, сондай-ақ асырап алынған баланың ата-анасымен некеге тұрған тұлғаларға қолданылмайды.
Әлеуметтік салықтық шегерімдер оларды қолдану негізі туындаған күнтізбелік жылы беріледі.
Салықтық шегерімдерді қолдану тәртібі:
– салық агенті (жұмыс беруші) арқылы;
– егер шегерімдер салық агентімен қолданылмаса, жеке тұлғаның өз бетінше қолдануы арқылы жүзеге асырылады.