Жеке кәсіпкерлердің 200.00 салық есептілігі нысанын ұсынуы туралы

Жеке кәсіпкерлердің 200.00 салық есептілігі нысанын ұсынуы туралы

Жеке кәсіпкерлердің 200.00 салық есептілігі нысанын ұсынуы туралы
Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлердің 200.00 салық есептілігі нысанын ұсыну тәртібін түсіндіреді.
Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 722-бабының 1-тармағына сәйкес (2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін редакцияда), оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимі төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, жеке табыс салығын есептеу мен төлеудің жеңілдетілген тәртібін көздейді.
Бұл ретте төлем көзінен ұсталатын салықтарды есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару, сондай-ақ тиісті салық есептілігін ұсыну жалпы белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Салық кодексінің 722-бабының 2-тармағына сәйкес, аталған режимді қолданатын салық төлеуші төлем көзінен салық салынатын табыстар болған жағдайда ғана салық агентінің міндеттемелерін орындайды.
Осылайша, оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкер келесі жағдайларда 200.00 салық есептілігі нысанын ұсынуға міндетті емес:
жалдамалы жұмыскерлер болмаған кезде;
жеке тұлғаларға азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыстар төленбеген жағдайда.
Аталған жағдайда 200.00 нысанын, оның ішінде «нөлдік» көрсеткіштермен ұсыну талап етілмейді.
Сонымен қатар, салық агентінің міндеттемелері туындаған кезде (жұмыскерлерге немесе жеке тұлғаларға табыс төлеу кезінде) 200.00 салық есептілігі нысаны белгіленген тәртіппен ұсынылады.