
2026 жылдан бастап ел ішінде салықтық резиденттікті растау талап етілмейді: жұмыс берушілер мен азаматтар нені білуі тиіс 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексімен бірге жеке тұлғалардың салықтық резидент мәртебесін растауға тікелей қатысты өзгерістер күшіне енді.Негізгі жаңалық: салықтық резиденттік сертификатын беру жөніндегі мемлекеттік қызмет енді тек Қазақстан Республикасынан тыс жерде пайдалану үшін ғана көрсетіледі.Резидент мәртебесін енді кім айқындайды?Осы жылдан бастап салықтық резидент мәртебесін айқындау міндеті салық агентіне — жұмыс берушіге немесе табыс төлейтін өзге тұлғаға жүктелді. Негіз ретінде Салық кодексінің 222-бабы қолданылады.Жеке тұлға Қазақстанның салықтық резиденті болып танылады, егер мына екі шарттың кемінде бірі орындалса:Қазақстан Республикасында тұрақты түрде болуы;өмірлік мүдделерінің орталығы Қазақстанда орналасуы.Тұрақты болу деп кез келген қатарынан 12 айлық кезең ішінде (келу және кету күндерін қоса алғанда) ел аумағында кемінде 183 күн болу есептеледі.Өмірлік мүдделер орталығы Қазақстанда орналасқан деп келесі үш шарт бір мезгілде орындалған жағдайда танылады:Қазақстан Республикасының азаматтығының, ықтиярхаттың немесе тұруға рұқсаттың болуы;жұбайының және (немесе) жақын туыстарының Қазақстанда тұруы;Қазақстан аумағында тұруға қолжетімді жылжымайтын мүліктің болуы.Егер тұлға аталған талаптарға сәйкес келсе, ол салықтық резидент болып танылады және салық агенті бұл мәртебені уәкілетті органдардан сертификат сұратпай-ақ дербес айқындайды.Салықтық шегерімдер қалай қолданылады?Салық кодексі жеке тұлғалардың салық салынатын табысты айқындау кезінде шегерімдерді қолдану құқығын сақтайды.2026 жылғы 1 қаңтардан бастап әрбір күнтізбелік ай үшін 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, бірақ жылына 360 АЕК-тен аспайтын базалық салықтық шегерім енгізілді. Бұл шегерім салықтық резиденттің жеке табыс салығын есептеу кезінде қолданылады.Шегерімдерді салық агентінің қолдану тәртібі Салық кодексінің 343-бабында белгіленген.Анықтама үшін: 2025 жылы Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне салықтық резиденттікті растау үшін 477 салық төлеуші жүгінген. 2026 жылдан бастап ел ішінде қолдану мақсатында бұл құжатты алу қажеттілігі жойылды.
Қостанай облысы бойынша МКД