
Тауарларды жалған декларациялау үшін жауапкершілік. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 551-бабының 1- тармығына сәйкес, осы тараудың басқа баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткiзiлетiн не өткізілген тауарларды декларацияламау немесе анық емес кедендік декларациялау, яғни декларанттың, кеден өкілінің, уәкілетті экономикалық оператордың кедендік декларацияда жәнекедендік мақсаттар үшін қажетті өзге де құжаттарда тауарлар, таңдап алынған кедендiк рәсім, тауарлардың кедендік құны не шығарылған елі туралы белгiленген нысан бойынша мәлiмдемеуі не анық емес мәліметтерді мәлiмдеуі немесе кедендік төлемдерді, салықтарды төлеуден босату немесе кедендік төлемдердің, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшерін төмендету үшін негіз беретін не оларды төлеу жөніндегі міндетті орындамауға немесе тиісінше орындамауға алып келетін өзге де анық емес мәліметтерді мәлімдеуі, егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, – төленбеген кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары сомасының жиырма бес пайызы мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер – төленбеген кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары сомасының елу пайызы мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткiзiлетiн және жазбаша декларациялауға жататын ақша қаражатын және ақша құралдарын декларацияламауы не анық емес декларациялауы – декларацияланбаған не анық емес декларацияланған ақша қаражаты мен ақша құралдары тәркілене отырып, декларацияланбаған не анық емес декларацияланған қолма-қол ақша қаражаты сомасының және (немесе) ақша құралдары құнының жиырма бес пайызы мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарлар шығару туралы өтініште не уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар болып табылатын, уақытша әкетілген халықаралық тасымалдау көлік құралдарына қатысты операциялар жасау туралы өтініште Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткiзiлетiн не өткізілген тауарлар туралы мәліметтерді анық емес мәлімдеу, яғни тұлғаның көрсетілген құжаттарда тауарлар, таңдап алынған кедендiк рәсім, кедендік құн туралы белгiленген нысан бойынша мәлiмдемеуі не анық емес мәліметтерді мәлімдеуі немесе кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшерін төмендетуге алып келетін өзге де анық емес мәліметтерді мәлімдеуі – жеке тұлғаларға – отыз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – сексен, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.