2026 жылдан бастап ҚҚС-ты қайтарудың жеңілдетілген тәртібі

2026 жылдан бастап ҚҚС-ты қайтарудың жеңілдетілген тәртібі

2026 жылдан бастап ҚҚС-ты қайтарудың жеңілдетілген тәртібі
2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексіне сәйкес ҚҚС-ты (қосылған құн салығын) жеңілдетілген тәртіппен қайтару құқығы барлық экспорттаушыларға берілетін болады. Бұл қолданыстағы нормалардан ерекшеленеді, себебі қазіргі уақытта ҚҚС-ты жеңілдетілген тәртіппен қайтару құқығы тек ірі кәсіпорындар, өндірушілер және бекітілген тізімге енгізілген экспорттаушылар сияқты жекелеген салық төлеушілер санатына ғана берілген.
Жеңілдетілген тәртіппен ҚҚС-ты қайтару 15 жұмыс күні ішінде, тек келесі шарттар сақталған жағдайда, тексеріс жүргізбестен жүзеге асырылады:
қайтару туралы талап берілген күнге дейін орындалмаған хабарламалардың болмауы;
талап берілген күнге дейінгі 12 ай ішінде жүргізілген салықтық тексеру нәтижелері бойынша қайтаруға жататын ҚҚС сомасының расталуы.
Қайтарылатын соманы айқындау салықтық тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы жүзеге асырылады, бұл ретте негізгі бағдар — бұрынғы салықтық тексерулердің нәтижелері болып табылады.
Сонымен қатар, ҚҚС қайтару бойынша тексеру тәртібі де өзгереді. Бұрын «Пирамида» есебі жеткізілім тізбегі бойынша барлық бұзушылықтарды анықтау үшін қолданылып, ҚҚС-ты қайтарудан бас тартуға себеп болған болса, жаңа жылдан бастап бұл есеп тәуекел аймақтарын анықтау құралы ретінде пайдаланылатын болады.
Анықталған тәуекелдер бойынша қарсы тексерулер тағайындалады, және егер тікелей жеткізушілерде бұзушылықтар расталса ғана, дебеттік сальдо сомалары қайтаруға жатпайды.
ҚҚС-тың артық төленген сомасын қайтару қағидалары Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 30 қазандағы №649 бұйрығымен бекітілген.