Тауарларды СЭҚ ТН бойынша жіктеу: сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін маңызы қандай?

Тауарларды СЭҚ ТН бойынша жіктеу: сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін маңызы қандай?

Сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру кезінде кедендік шекара арқылы өткізілетін әрбір тауар Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына (СЭҚ ТН ЕАЭО) сәйкес міндетті түрде жіктелуі тиіс.

СЭҚ ТН – тауарларды жүйелі түрде топтастыруға арналған бірыңғай классификатор. Ол Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстан аумағында қолданылады. Тауардың СЭҚ ТН коды арқылы кедендік баждардың мөлшері, салықтар, тарифтік және тарифтік емес реттеу шаралары анықталады.

Тауарларды жіктеу келесі негізгі белгілер бойынша жүргізіледі:
🔹 тауардың атқаратын қызметі мен мақсаты;
🔹 дайындалған материалы;
🔹 құрамы мен техникалық сипаттамалары;
🔹 өңделу деңгейі мен дайындық дәрежесі.

Әрбір тауарға бірегей он таңбалы код беріледі. Бұл код кедендік декларациялау кезінде көрсетіліп, келесілерді анықтауға негіз болады:
✔️ кедендік баж мөлшерлемелері;
✔️ қосылған құн салығы (ҚҚС);
✔️ акциздер;
✔️ рұқсат беру құжаттарының қажеттілігі;
✔️ тыйымдар мен шектеулер;
✔️ сыртқы сауда статистикасын жүргізу.

СЭҚ ТН кодының құрылымы тауар туралы толық ақпарат береді:
▪️ алғашқы екі сан – тауар тобы;
▪️ алғашқы төрт сан – тауарлық позиция;
▪️ алғашқы алты сан – субпозиция;
▪️ он санның барлығы – нақты тауар түрі.

Тауардың кодын дұрыс анықтау декларанттың міндеті болып табылады. Бұл ретте СЭҚ ТН-ның негізгі интерпретациялау қағидаларын, бөлімдер мен топтарға арналған ескертпелерді, сондай-ақ уәкілетті органдардың түсіндірмелерін басшылыққа алу қажет.

❗ Тауар кодын қате анықтау келесі салдарға әкелуі мүмкін:
⚠️ кедендік төлемдер мен салықтарды қосымша есептеу;
⚠️ әкімшілік жауапкершілікке тарту;
⚠️ айыппұл салу;
⚠️ тауарларды шығарудың кешіктірілуі;
⚠️ қосымша кедендік тексерулердің жүргізілуі.

Сондықтан импорт немесе экспорт операцияларын жүзеге асырмас бұрын тауардың барлық сипаттамаларын мұқият зерттеп, өндірушіден техникалық құжаттарды сұратып, СЭҚ ТН кодының дұрыстығына көз жеткізу қажет.

Тауарларды дұрыс жіктеу – кедендік рәсімдердің тиімді өтуінің, қаржылық тәуекелдерді азайтудың және сыртқы экономикалық қызметті табысты жүргізудің маңызды кепілі.