
16.07.2026 жылы ҚР ҚМ МКК БДБ Әдеп жөніндегі уәкілі Б.А. Айнакуловпен мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған, мемлекеттік қызметтен шыққаннан кейін қайта қабылданған, сондай-ақ басқа мемлекеттік органдардан ауысқан мемлекеттік қызметшілермен түсіндіру жұмысы жүргізілді.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған, мемлекеттік қызметтен шыққаннан кейін қайта қабылданған, сондай-ақ басқа мемлекеттік органдардан ауысу тәртібімен келген мемлекеттік қызметшілермен түсіндіру жұмысы жүргізілді.
Техникалық оқу барысында қызметкерлерге мемлекеттік қызметті өткеруді реттейтін заңнаманың негізгі талаптары, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер үшін белгіленген құқықтар, міндеттер, шектеулер мен тыйымдар түсіндірілді.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңдары, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі, қызметтік тәртіпті сақтау, ішкі еңбек тәртібі қағидалары, лауазымдық нұсқаулықтар, ақпараттық қауіпсіздік талаптары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Түсіндіру жұмысы аясында қызметкерлерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың талаптары, мүдделер қақтығысының туындауына жол бермеу және оны реттеу тәртібі, қызметтік өкілеттіктерді жеке мақсаттарда пайдалануға жол бермеу, лауазымдық міндеттерін орындауға байланысты сыйлықтар мен өзге де сыйақыларды қабылдауға тыйым салу, сондай-ақ өздеріне белгілі болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы дереу хабарлау міндеті түсіндірілді.
Сонымен қатар, атқарушылық тәртіпті сақтау, басшылықтың тапсырмаларын уақтылы орындау, жұмыс уақытын ұтымды пайдалану, қызметтік әдеп қағидаларын сақтау, мемлекеттік мүлікке ұқыпты қарау және қызметтік ақпаратты қорғау мәселелері қарастырылды.
Түсіндіру жұмысының қорытындысы бойынша қызметкерлерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасының негізгі талаптары жеткізіліп, қызметтік тәртіпті, кәсіби әдеп нормаларын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді және заңнамада белгіленген өзге де талаптарды бұлжытпай сақтау қажеттігі түсіндірілді.