Кеден органдары қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайлардың туындау мүмкіндігі болып табылады. Қазақстан Республикасында кеден саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесі Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексі мен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының нормаларын кешенді қолдануға негізделген.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтудың негізгі тетіктерінің бірі – кедендік процестерді автоматтандыру және цифрландыру. Кедендік реттеу ақпараттық жүйелерді пайдалану арқылы жүзеге асырылады, ал кедендік декларациялау электрондық түрде жүргізіледі. Жекелеген кедендік операциялар мен бақылау нысандары лауазымды тұлғалардың қатысуынсыз ақпараттық жүйелер арқылы орындалады, бұл адам факторының ықпалын айтарлықтай төмендетіп, сыбайлас жемқорлық көріністерінің туындау ықтималдығын азайтады.
Тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі (ТБАЖ) кедендік бақылауды жүргізуде объективті әрі іріктемелі тәсілді қамтамасыз етеді. Бақылау шаралары автоматтандырылған алгоритмдер негізінде қолданылады, ал сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар белгіленген тәуекел өлшемшарттарына сәйкес санаттарға бөлінеді.
Кеден органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету де сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етеді. Заңнамада заңдылық, жариялылық және заң алдында барлығының теңдігі қағидаттары бекітілген. Кеден органдары интернет-ресурстар арқылы нормативтік құқықтық актілерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді, сондай-ақ кеден заңнамасын қолдану мәселелері бойынша консультациялар мен түсіндірмелер береді.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және жоюға бағытталған профилактикалық шаралар жүйесі көзделген. Оларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі және сыртқы талдау жасау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды әзірлеу, мемлекеттік қызметшілердің қаржылық бақылауы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен тыйымдарды белгілеу жатады.
Мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу ерекше маңызға ие. Мемлекеттік қызметшілер өздерінің лауазымдық міндеттерін объективті орындауына әсер етуі мүмкін жеке мүдделілігі туралы басшылықты уақтылы хабардар етуге міндетті. Өз кезегінде басшылар мұндай жағдайларды жою жөнінде тиісті шаралар қабылдауға міндетті.
Қазақстан Республикасының заңдарында кеден органдарының лауазымды тұлғаларының қызметтік әдебі бойынша талаптар да белгіленген. Қызметтік ақпаратты жеке мақсатта пайдалануға, құпия мәліметтерді жария етуге және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін әрекеттер жасауға тыйым салынады. Заңсыз шешімдер қабылдағаны немесе құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін лауазымды тұлғалар заңда белгіленген жауаптылыққа тартылады.
Азаматтар мен бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғаудың қосымша кепілі ретінде кеден органдарының шешімдеріне, әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдану мүмкіндігі қарастырылған. Осылайша, кедендік әкімшілендіру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту процестерді цифрландыру, автоматтандырылған бақылау жүйелерін енгізу, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру арқылы жүзеге асырылады.