
2025 жылдың 12 желтоқсанында «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Бас диспетчерлік басқармасы» Республикалық мемлекеттік мекемесінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен (бұдан әрі – СЭҚҚ) кеден өкілдерінің қызметіне қатысты мәселелер бойынша брифинг өткізілді.
Брифинг барысында кеден ісі саласындағы тұлғалардың қызметін реттейтін, сондай-ақ кедендік операцияларды жүзеге асыру кезінде кеден өкілдерінің міндеттерін айқындайтын Қазақстан Республикасының Кеден кодексінің 484 және 494-баптарын қолданудың өзекті мәселелері қаралды.
Қатысушылардың назары кеден өкілдерінің қызметі Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде ғана жүзеге асырылатынына және кеден органдары тарапынан бақылауға алынатынына аударылды. Сондай-ақ мұндай қызметті жүзеге асыру құқығы тиісті тізілімге енгізілген заңды тұлғаларға ғана тиесілі екені түсіндірілді.
Брифинг аясында кеден өкілінің міндеттері, оның ішінде есептілікті ұсыну, мәліметтердің өзгеруі туралы кеден органдарын хабардар ету, кедендік төлемдерді төлеу мерзімдерін сақтау, сондай-ақ заңмен қорғалатын құпияны құрайтын ақпараттың сақталуын қамтамасыз ету мәселелері егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Брифингтің жеке блогы кеден өкілінің декларантпен бірлесіп кедендік баждар мен салықтарды төлеу жөніндегі солидарлық міндетіне, сондай-ақ мұндай міндет туындамайтын жағдайларға арналды. Қатысушыларға тауарларды шығарғаннан кейін жіктеу шешімдерін және кедендік құнын қайта қарау мәселелері бойынша құқықтық ұстанымдар түсіндірілді.
Брифинг барысында кеден өкілінің жекелеген қызметкерлерінің уақытша болмауы (еңбек демалысы, денсаулық жағдайы және өзге де мән-жайлар) тізілімге енгізілген заңды тұлғаны Қазақстан Республикасының Кеден кодексінде көзделген міндеттерді орындаудан босатпайтыны атап өтілді.
Түсіндіру жұмыстары практикалық кейстер негізінде жүргізілді, бұл брифингке қатысушыларға кедендік операцияларды жүзеге асыру кезінде туындайтын жауапкершілік шектерін және тәуекелдерді неғұрлым нақты айқындауға мүмкіндік берді.
Брифинг қорытындысы бойынша қатысушылар ұсынылған ақпаратты назарға алды. Кеден заңнамасының сақталу деңгейін арттыру мақсатында осындай түсіндіру іс-шараларын өткізу алдағы уақытта да жалғасатын болады.