
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Бас диспетчерлік басқармасы» РММ 2025 жылғы 8 желтоқсанда СЭҚҚ қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел «Кеден саласындағы Тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ)» тақырыбында өткізілді.
ТБЖ – кеден органдарына ықтимал құқықбұзушылықтарды анықтауға, сондай-ақ адал сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың тауарларын жедел рәсімдеуге мүмкіндік беретін тетік.
Жүйенің негізгі қағидасы – тәуекел деңгейі жоғары жеткізілімдерге күшейтілген бақылау жүргізу, ал тәуекелі төмен тауарларды кідіріссіз өткізу.
ТБЖ үш негізгі кезеңнен тұрады:
Бірінші кезең – деректерді жинау. Бұл кезеңде статистикалық мәліметтер, талдау бөлімдерінің ақпараты, өзге мемлекеттік органдардың деректері және қатысушының тарихы пайдаланылады.
Екінші кезең – тәуекелдерді бағалау, мұнда жеткізілімнің тәуекел деңгейі: төмен, орта немесе жоғары болып анықталады.
Үшінші кезең – тиісті шараларды қолдану. Осы кезеңде жүйе қажетті бақылау деңгейін автоматты түрде белгілейді: құжаттық тексеруден бастап физикалық тексеруге немесе қосымша құжаттарды талап етуге дейін.
ТБЖ кедендік құнын төмендету, тауардың шығу тегін дұрыс көрсетпеу, дұрыс емес жіктеу, тыйым салынған немесе акцизделетін тауарларды өткізу әрекеттері сияқты құқықбұзушылықтарды тиімді анықтауға мүмкіндік береді.
Бұл үшін алдын ала әзірленген тәуекел профилдері пайдаланылады, олар белгілі бір шарттар орындалғанда автоматты түрде іске қосылады.
ТБЖ енгізу кеден органдарына да, бизнес өкілдеріне де пайдалы екенін атап өткен жөн. Адал қатысушылардың тауарлары жылдам рәсімделеді, тексерулер саны азаяды және олар жиі «жасыл дәліз» арқылы өтеді.
Қорытындылай келе, Тәуекелдерді басқару жүйесі кедендік бақылауды нық, жедел және тиімді етіп, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен сыртқы экономикалық қызметті қолдау арасында тепе-теңдік орнатуға жағдай жасайды.